Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Трамп Ресей мен Иранның Сириядағы нысандарына соққы жасауға шақырған - The Wall Street Journal

AstanaTV
16.04.2018ж. 20:00
3205
Трамп Ресей мен Иранның Сириядағы нысандарына соққы жасауға шақырған - The Wall Street Journal

Одақтастарымен сенбіде Сирияға соққы жасаған АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкция енгізетінін мәлімдеді. Бұл жолғы дәлел: ешкімге химиялық қару қолдануға жол берілмейді. Ал Америкада наразылық акциясы басталып кетті. Олар Сирияға соққы жасағаны үшін Трамп әкімшілігінің соғысқұмар саясатын айыптады. Тілші материалында толығырақ. 

«Сириядан қолыңды тарт!», «Өлімді тоқтатыңдар!». Бұл америкалықтар ұстап шыққан плакаттағы ең жұмсақ жазбалар. Сирияға шабуылдан соң наразылық өршіді. Ең белсенділер АҚШ-та болып шықты. Нью-Йорк пен Вашингтонда басталған ереуіл, бір тәулік өтпей, Калифорнияға жетті.

Бүгін жиналғандардың ешқайсысы америкалық империяның зымыраны қай елге бағытталатынын білмейді. Оған қоса АҚШ шекараны милитаризациялап, полицейлердің санын көбейтіп, түрмелерді кеңейтіп жатыр. Бұл ғаламдық деңгейдегі соғыс.

Біз Сирияға заңсыз шабуыл жасаған Трамп әкімшілігін айыптаймыз!

Сирияға шабуылды тек бірен сараң ел ғана айыптады. Ол Иран, Ресей, Қытай және бейтарап саясатты ұстанатын Швейцария. Пекин, Сирияға бет бұрған Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым сарапшыларының қорытындысы шықпай, ешбір тарап белсенді әрекет етпеуі керек еді, деп мәлімдеді.

Хуа Чуньин, ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Қытай өзге елдердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сыйлау қажеттігін ескертіп, халықаралық қарым-қатынаста күш қолдануға қарсы. Сондықтан  тараптарды халықаралық құқық аясында келіссөздер мен диалог ортанып, мәселені шешуге шақырады.

Сирияға 100-ге жуық зымыран атылды. Ол Дамаск пен Хомстағы екі нысанға дәл тиді. Тірі жан жаппа шеккен жоқ. Абырой болғанда, зымыран сириялық немесе ресейлік нысандарға тимеген. Wall Street Journal, АҚШ Ресей мен Иран нысандарына шабуылдауы мүмкін еді, деп жазады. Бірақ ол әрекеттен бас тартқан. Сирияға соққының мақсатын батыс елдерінің саясаткерлері айтты. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

Бұл Сириядағы азаматтық соғыстың бағытын өзгертпейді. Оны мойындауымыз керек. Бірақ бұл орыстарды Асадтың Женева келіссөзіне қайта қатысуға итермелейді деп сенгіміз келеді.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

10 күн бұрын президент Трамп АҚШ Сириядан кетуі керек екенін айтты. Біз ол жақта қалу керек екеніне көндірдік. Біз көздеген нысандарды талқандадық. Адам шығыны болған жоқ. Біз осыны көздеген едік. Біз химиялық қару шығарып, өндіруге қатысы бар нысандарға соққы жасадық.

Ал бүгін Ақ үйдегілер АҚШ әскерилері Сириядан мүмкіндігінше тезірек шығарылатынын хабарлады. Осылайша зардап түйінін тарқатуды одақтастарға жүктеді. Ал Вашинтонның Мәскеуге қандай санкция жариялағалы жатқаны ертең белгілі болмақ. Әзірге Кремль үнсіз. Бірақ қарымта жауап болары анық. Өйткені Ресей Сирияға жасалған соққы үшін жауап қайтаратынын бірнеше рет ескерткен болатын.