Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылжарда кәсіпкер қалалық әкімдіктің газет дүңгіршектерін заңсыз алып тастағанына наразы

AstanaTV
26.04.2018ж. 20:00
1770
Қызылжарда кәсіпкер қалалық әкімдіктің газет дүңгіршектерін заңсыз алып тастағанына наразы

Қызылжарда газет сататын дүңгіршектер бір күнде жоқ болды. Көше бойында орналасқан олар жергілікті серіктестікке тиесілі. Ол тапа тал түсте жасалған бұл қадамды ұрлыққа балап, қалалық әкімдікті кінәлайды. Айтуынша, орынды мемлекеттен жалға алған. Тараптарды тыңдаған әріптесім Абзал Құрманкиннің репортажы.

Петропавлда бір ғана серіктестікке тиесілі 18 газет сататын дүңгіршек бар. Оның 8-і ғана тұрақты жұмыс істейді. Кәсіпорынның Қызылжардағы өкілі Евгений Чернобай қалған бос тұрған дүңгіршектердің жоғалғанын табан астынан байқағанын айтады. Алтыншы дүңгіршектің жүк көлігіне тиеліп жатқанын көрген ол полицейлерді шақыртыпты.

Евгений Чернобай, «ARNA PRESS» ЖШС өкілі:

Мына жерде «Дорсигнал» серіктестігі мен әкімдік өкілі біздің дүңгіршегімізді көлікке тиеп жатты. Мен полицейлерді шақыртып, олардың ісін тоқтаттым. Бірақ, келесі күні мен жоқта бәрібір келіп алып кетіпті. Ол дүңгіршектердің қайда кеткені белгісіз. Біздің қолымызға тиген жоқ. Әкімдік жерді жалға алу келісім-шартын тоқтату жөнінде келісім-шартты бізге жіберген жоқ.

Евгений Чернобайдың пайымдауынша, газет киоскілері бұл жерде 2004 жылдан бері бар. Ол жерді жалға алу жөніндегі келісім-шарт 2020 жылға дейін жасалған деп отыр. Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің өкілі дүңгіршектердің бір күнде жоғалғанынан хабарсыз болып шықты. Алайда, келісім-шартты бұзу жөніндегі ескерту қағазын дайындағандарын растап отыр. Оған дүңгіршектер өз мақсатында пайдаланылмағаны себеп деді. 

Қуаныш Мағзұмов, Петропавл қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

Дүңгіршектер бүгінгі күнде нысаналы мақсатымен пайдаланбай отыр. Сондықтан «Арна пресс» серіктестінің орналасқан жері Алматы қаласы Әзірбаев көшесі 58 мекенжайына жазбаша түрде хабарлама жібердік. Жер учакесін нысаналы пайдалану немесе екі жақтың келісімі бойынша шартты бұзу туралы. Бір айдың көлемінде жауап бермеген жағдайда біз сотқа шартты бұзу туралы құжаттарды жіберетін боламыз.

Із-түссіз жоғалған 10 дүңгіршек «Дорсигнал»кәсіпорынның аумағынан табылды. Компания жетекшісі камераға түсініктеме бергісі келмеді. Алайда, дүңгіршектерді әкімдіктің тапсырмасымен алып тастағандарын айтты. Ал тәжірибелі адвокат Светлана Микрюкова аталған кәсіпорынның ісін "ұрлық" деп бағалап отыр. Себебі компания бұл әрекетін сот шешімінсіз жүзеге асырған дейді.

Светлана Микрюкова, адвокат:

Егер де әкімдік дүңгіршектерді алып тастағанын мойындамаса, онда бұл ұрлыққа жатады. Және кінәлі тұлғаны құқық қорғау органдары іздеуі тиіс. Ал әкімдік өз ісін растаса, онда ол бәрібір соттың алдында жауап беретін болады.

Жер сипап қалған кәсіпорынның өкілі арызын полицейлер қабылдамағанын айтты. Енді ол прокурорлардан үмітті. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Шындықты білмекке біз қала әкімінің орынбасарымен телефон арқылы хабарластық. Атқамінер ресми сұхбат беруден бас тартқанымен, дүңгіршектерді алып тастағанын растаған болатын. Айтуынша, газет киоскілері жаңғырту бағдарламасына ілікті. Орталық көшелердегі дұңгіршектердің орнында жарық диодты шамдар орнатылмақ. Жұмыс көп кешікпей басталып та кеткен.

А.Құрманкин