Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтөбедегі он жыл бұрын басталған балабақша құрылысы әлі күнге аяқталмаған

AstanaTV
07.06.2018ж. 20:00
4236
Ақтөбедегі он жыл бұрын басталған балабақша құрылысы әлі күнге аяқталмаған

Сақалды құрылыс. Ақтөбе қаласының «Болашақ» шағын ауданының тұрғындары осыдан 10 жыл бұрын басталған құрылыс алаңын алып тастауды талап етіп отыр. Балабақша салынуы тиіс орын бүгінде балалар ойнайтын алаңға айналып, тұрғындардың мазасын қашырған. Құрылыс қашан жанданады? Балабақша құрылысы жалғаса ма? Мәселенің мән-жәйін Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Тұрғындар бұл жер қала көркін бұзып тұр деп ашынады. Себебі ауланың жанына мынадай қоқыстар толып қалған. Оның үстіне жел күндері мына қоршау осылай қатты қозғалып, балалардың өміріне қауіп төндіретін көрінеді.

Бұл - қаланың жаңа аудандарының бірі. Қазір мұнда 1200-ден астам пәтер бар екен. Тұрғындардың айтуынша, 10 жыл бұрын балабақша ғимаратының іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріле бастаған. Бірақ жұмыс аяқ асты тоқтап қалған. Ал осы жылдың басында сол басталған құрылысты біреулер бұзып әкеткен.

Ұлданай Құрманбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мусор лақтырылады. Қарап жатқан адам жоқ. Ол дұрыс па, дұрыс емес пе? Не салатынын салып, салмаса, басқалай мына жерді жақсылап ретке келтіріп беру керек! Жан жағын қоршай ма әдемілеп, не салатынын салу керек.

Құрылыс алаңын ешкім күзетпейді. Сондықтан ол жерге кез-келген адам еркін кіре алады. Тұрғындар  балаларының өмірі үшін қауіптенетіндерін айтады.

Зада Қасенова Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Күтіп жатырмыз бірдеме салатын шығар деп. Былай қарағанда, бәрін бүлдіріп тұр ғо?! Қазір блоктар жатыр. Мына балалар жүр, ана ер балалар күні ұзаққа осы блоктың қасында.

Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Таңат Шегебаевтың айтуынша, балабақша салынуы тиіс жер уақытында пайдаланылмағандықтан  жеке компаниядан алынып, екі ай бұрын ғана басқа серіктестікке берілген. Енді ол жерге тұрғындар күткендей мектепке дейінгі ұйым емес, көпқабатты үй салынуы тиіс. Оның бірінші қабаты ғана бөбектерге берілмек.

Таңат Шегебаев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Бұл жерде жоба бойынша балабақша салынуы керек болатын. Осы жылдың наурыз айынан бастап бұл жер «Ақтөбе-центр» компаниясынан алынып, қолданылмағаны үшін алынып, «СНП-групп» компаниясына берілді. Орнына 5 қабатты, 1 этажды балабақшаға лайықталған 5 қабатты үй болады.

Қаланың бас сәулетшісі жаңа ғимарат алдағы бір, бір жарым жыл ішінде бой көтереді деп отыр. Құрылысты салатын компания жақында қоршауларды реттеп, күзет қоюы тиіс.

Жақсыбек КЕМАЛ