Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Созылмалы сырқатқа шалдыққандар үшін «Нұр Отан» партиясы жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылады

AstanaTV
12.06.2018ж. 20:00
2108
Созылмалы сырқатқа шалдыққандар үшін «Нұр Отан» партиясы жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылады

Созылмалы сырқатқа шалдыққандар үшін «Нұр Отан» партиясы жанынан арнайы қоғамдық кеңес құрылады. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осындай ұсыныс айтты. Бүгін ол қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналарымен кездесіп, олардың шағымын тыңдады.

Жақында диабет дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары әлеуметтік желі арқылы Елбасы, партия төрағасының атына көмек сұрап хат жолдаған болатын. «Нұр Отан» партиясы бірден  бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, мәселені тиімді шешу үшін бүгін тараптардың  басын қосты.

Гүлжаһан Тәжиденованың 9 жасар баласы осыдан 5 жыл бұрын диебетке шалдыққан.  Қазір инсулин помпасын алып  жүргендеріне 3 жыл болған. Ата-ана бұл кездесуде  тегін берілетін дәрінің уақытында үздіксіз қамтамасыз етуін сұрап отыр.

Гүлжаһан Тәжидинова, ата-ана:

Бізде диабет инсулинге тәуелді болғандықтан, бізде бүгін ертең деген сөз жоқ. Бізге дәл қазір уақытында берілуі керек. Себебі осы инсулин арқылы баланының тағдыры шешіледі.  Диабеттік қауымдастығы қоғамдық қорының жетекшісі кездесуде қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алып тастау дұрыс емес екенін айтты. Оның айтуынша, егер министрліктің бұл бастамасы жүзеге асатын болса, науқастарға көрсетілетін тегін көмек түрлері шектелмек.

Бақыт Сыздықова, «Nodia» диабеттік қауымдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі:

Бұған дейін олар ерекше бақылауда болып келсе, енді Денсаулық сақтау министрлігі мұндай науқастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті тоқтатуды ұсынып отыр. Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастауға ұсынылғандардың қатарында балалардың сал ауруы да бар

Партия төрағасының бірінші орынбасары балалардың денсаулығы бәрінен маңызды екенін айтып, бұл мәселені оңтайлы шешу үшін тиісті органдар белсене атсалысу керектігін айтты. Мәулен Әшімбаев  «Нұр Отан» партиясы жанынан созылмалы сырқатқа шалдыққандар үшін қоғамдық кеңес құрылатынын хабарлады.

Мәулен  Әшімбаев  «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Мемлекет тиісті қаражатты бөліп, бюджетке енгізіп отыр. Қажетті заттар да сатылып алынды. Бірақ, сатып алынған сол дәрі-дәрмектер зәру жандарға жетпеуі ең біріншіден қалыптасқан жүйелі басқарудың жоқтығын көрсетеді. Сондықтан алдымен жұмысты сапалы үйлестіру мәселесін шешіп алуымыз керек.

Биыл елде қант диабетіне шалдыққан 300 мыңнан аса адам тіркелген. Ол халықтың 1,7 пайызды құрайды. Олардың ішінде 3 мыңнан астамы 1-ші тип түрімен ауырады. Қазір инсулин терапиясын мың жарымнан аса адам қабылдап жүр.