Негізгі / Жаңалықтар / Депутаттар мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа жегуден босату мәселесін тағы көтерді

Депутаттар мұғалімдерді қоғамдық жұмысқа жегуден босату мәселесін тағы көтерді

Мұғалімдер түлектерді ҰБТ-ге жетелеп апаруға, ал мектептер олар үшін барлық құжаттарды жинақтауға міндетті емес. Бүгін мәжілісте депутат Наталья Жұмаділдаева осылай деді. Оның пікірінше, білім министрлігі барлығына мұғалімді жауапты етіп қойған бұйрықты алып тастауы керек. Жаңа қаулыға сай, ҰБТ екі кезеңде өткізіледі. Алғашқысы бойынша бітірушілер мектепте емтихан тапсырып, қолдарына аттестат алады. Кейінгісі ЖОО-на түсу үшін тапсырылатын тестілеу сынағы. Премьер-министрге жолдаған сауалында Жұмаділдаева өзгеше бастама көтерген. Яғни, мектепте сынақ тапсырып, аттестат алған балалар, жоғарғы оқу орнына түсу-түспеуді өздері шешіп, тиісті құжаттарды да өздері жинақтап тапсыруы тиіс дейді.

Наталья Жұмаділдаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Мұғалімдер түлектердің  емтихан тапсырып, мамандық таңдауына көмек беріп, ЖОО-на жетелеп жүруге міндетті емес. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұстаздарға міндеттелген жұмысты атқаруды тоқтату жұмыстары жүріп жатқанын бірнеше рет айтқан. Алайда, ол орындалмай отыр.

Мәжіліс депутаты осы іске байланысты премьердің жеке араласуын өтініп, аталмыш бұйрықтың күшін тоқтатуға ықпал етуін сұрады. Ал депутат Ирина Смирнова  әкімдік пен білім министрлігі өкілдері мұғалімдерді жалпы халықтық жұмыстарға жегіп, оның абыройына нұқсан келтіріп жатқанын айтты.  Оның пікірінше, оқушыға аттестат берілген соң, мұғалім мен мектеп арасындағы байланыс тоқтайды. Сондықтан әкімдік те, профильді ведомство да мұғалімдерді қосымша жұмыс істеуге итермелемеуі тиіс.