Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы облысында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 62 тегін IT- сынып ашылады

AstanaTV
25.06.2018ж. 20:00
3437
Алматы облысында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 62 тегін IT- сынып ашылады

Алматы облысында алдағы үш жылда 62 тегін ІТ сынып ашылмақ. «Нұр Отан» партиясының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған тың жоба  экономиканы цифрландыру ісінде білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының жүзеге асу барысымен жіті танысты.

Жазғы демалысқа қарамастан, бұл сыныптарда сабақ жүріп жатыр. Оқушылар бағдарламалау мен робот техникасының негіздері бойынша тереңдетілген білім алуда. «Нұр Отан» партиясының тың бастамасы жастардың көңілінен шықты. Заманауи сыныпта білім алып жатқан жеткіншектер болашақта жоғарғы технология саласында өздерінің тың дүниелерін ойлап табарына сенімді.

Залқарбек Мұратәлиұлы,  ІТ-компанияның коммерциялық директоры:

Бұл кәдімгі оқу бағдарламасындағы информатика сабағынан айырмашылығы ол - бірінші күрделі тілдерді үйренеді бала. Скретч, Митлон, Джава тілдерін үйрене келеді, бала роботехика саласын және модельдеу салаларын үйреніп шығады. Ай-ти сыныптарында оқыған бала ертеңгі күні сертификат алып, жұмысқа тұруға зор мұмкіндігі болады. 

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Талдықорғандағы Оқушылар сарайында болды. Мұнда ашылған екі сыныпта балалар робот техникасы мен бағдарламалаудың қыр-сырын біле алады. Партиялық жаңғыру аясында іске қосылған жобалар Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан. Президент цифрландыру бағытында ауқымды тапсырмалар жүктеді. Партия бұл процесске белсенді араласуға кірісті. Партияның бастамасымен ашылған ІТ сыныптарда оқушылар тегін білім алады. ІТ орталықтарда болашақ программистер даярланады. Партия олардың жұмысқа орналасуына да көңіл бөлмек.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Қазіргі әлемдегі ең маңызды, сұранысқа көп ие мамандықтардың бірі бағдарламалау мен роботехника екені белгілі. Цифрлы техника дамыған сайын кейбір мамандықтарға сұраныс азаяды да, кейбірін сұраныс көбейеді. Сондықтан осы біздің жоба арқылы балаларды болашақта керек мамандықтарға дайындауға өз үлесімісізді қосып жатырмыз, бір жағынан. Екінші жағынан, біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлы экономикаға кадрларды дайындауға қосқан үлесіміз, көмегіміз.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев өңірдегі кәсіпкерлерімен кездесіп, партия тарапынан саланы қолдау жайын сөз етті. Партия шағын және орта бизнесті қолдау бағытында тың  жобаларды жүзеге асыруды қолға алған. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның облыстағы активімен кездесті. Елбасы алға қойған мақсат-міндеттерді пысықтады.