Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бойынша несие берілген кезде қарыз қаражатын беру тәртіптері өрескел бұзылған

AstanaTV
28.06.2018ж. 20:00
2524
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бойынша несие берілген кезде қарыз қаражатын беру тәртіптері өрескел бұзылған

Шығыс Қазақстан мен Атырау өңірінің кәсіпкерлері дабыл қағып отыр. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бойынша несие берілген кезде қарыз қаражатын беру тәртіптері өрескел бұзылған. Бұл заңбұзушылықтар «Атамекен» палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің отырысында айтылды. Нәтижесінде несие серіктестіктеріне мүше кәсіпкерлер өздерінің ғана емес, несиесін төлей алмаған серіктестікке мүше өзге адамдардың қарызын төлеуге мәжбүр, - деді палата өкілдері.

Олег Савеленко, ҚР «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры:

Кәсіпкерлер құжатқа қол қойғанда жауапкершілікті ескермеген. Өйткені олар осы бағдарламаны жүзеге асырған жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына сенім қалды. Адал кәсіпкерлер өздері алған несиелерді уақытылы төлеп отыр. Алайда енді олар серіктестіктегі көршілеріне төлеп жатыр. Яғни олар несиелерін төлей алмаған адамдардың қарызын төлеуге мәжбүр болып отыр. Егер оларға ортақ жауапкершілік туралы ақапаратты 5 жыл бұрын дұрыс жеткізсе, олар қол қоймас еді келісімге.

Олег Савеленконың айтуынша, Шығыс Қазақстан мен Атырау облысының жергілікті атқарушы органдары тарапынан бюджет ақшаларын бөлуді ұйымдастыру жұмыстары дұрыс жүрмеген. Заңдылық жағын түсіндіру ісі жеткіліксіз болған. Нәтижесінде сот Шығыс Қазақстанда 156, Атырауда 66 талап арызды қарап жатыр. Өйткені Шығыс Қазақстанда екі мыңнан астам, Атырау өңірінде 1174 бизнес өкілі зардап шеккен. Енді «Атамекен» палатасы бұл мәселені Үкімет пен Бас прокуратура алдында көтеріп, борыштың құрылымын қайта қарауды ұсынбақ.