Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Мексикада сайлау алды компанияның жұмысы кезінде 136 саясаткер өлтірілген

AstanaTV
02.07.2018ж. 20:00
3296
Мексикада сайлау алды компанияның жұмысы кезінде 136 саясаткер өлтірілген

Мексикадағы қанды сайлау өз мәресіне жетті. Елдің президенті, парламент депутаттары мен бірқатар штаттарда губернаторлар сайланды. Науқан барысында бас аяғы 136 саясаткер ажал құшқан. Ал, бәсекеге түскендердің барлығы да жемқорлық пен қылмысты азайтамыз деп ұрандатуда. Мексика халқы бұл жолы Андрес Мануэль Лопес Обрадорға сенім артты.

Обрадордың басымдығы дауыстарды санау басталған алғашқы сағаттарда-ақ байқалды.  Ол сайлаушылардың 53% дауысын жинаған. Екінші орынды 22% дауыспен Рикардо Анайя еншіледі. Қалғандары тіпті аз. 64-жастағы Обрадор алдымен жемқорлықты жоюға білек сыбана кірісетінін айтқан. 

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, «Тарихты бірге қалаймыз» альянсының көшбасшысы:

Елде кәсіпкерлерге бостандық беріледі, сөз бостандығы болады. Біз жеке және әлеуметтік бастамаларға шектеу қоймаймыз. Азаматтардың конституциялық құқы тапталмауы тиіс. Біз енгізетін қайта жаңғыру жемқорлықты жоюдан басталады.

Жексенбі күні өткен сайлауда президенттен өзге тағы 128 сенатор мен Конгрестің 500 депутаты сайланды. Бұған қоса бірқатар штатпен жергілікті билікте де ауыс-түйіс бар. Сайлау кампаниясы 10 ай жұмыс жүргізген. Осы уақыт аралығында 136 саясаткер өлтіріліпті. Сондықтан осы жолғы сайлауда қысым қатты болды деуге негіз бар.

Сауль Нава Астудильо, әкімдік қызметке үміткер:

Менің үйіме де осы сенбі күні шабуыл жасалды. Мылтық даусы естіліп, оқ қабырғаны тесіп өтіп жатты. Мұндай жағдайдың осындай жауапты кезеңде болғаны өкінішті. Бұл сайлау процесі үшін қауіпті 

Сайлау күнінің өзінде екі адам мерт болған. «Морена» партиясының өкілдері кісі қолынан қаза тапты. Осыған дейін Оахака штатын басқарудан үміткер 5 адамның жансыз денесі табылған еді. Марқұмдардың туыстары кінәлілер жазаланады дегенге сенбейді. Себебі нашақорлық жайлаған 127 млн халқы бар Мексикада мұндай жағдай жиі болып тұрады. Ал, Transparencу International Мексиканы Латын Америка елдері арасында жемқорлықтан көз ашпай отырған, қылмысы көп елдер қатарына жатқызған. Халқының 40% кедейліктің қамытын киіп отыр.

Хосе Луис Перес, Төменгі Калифорнияның азаматтық құқықтары жөнінде адвокаты:

Елде ұйымдасқан қылмысты азайту қиын болатыны хақ. Сондықтан мықты билік қажет ақ. Оны халық қолдаса, тіпті жақсы. Ең бастысы, осынша өлімге жол берген саясаткерлерді анықтап, қудалау керек.

Жемқорлықтан өзге жаңа сайланған президент шенеуніктердің айлығын қысқартып, олардың бизнеспен айналысуына жол бермейтінін айтты. Ал, оның ойы жүзеге аса ма, жоқ па, саясаткерлер үшін жауабы қиын мәселе болып отыр.