Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Сақ дәуіріндегі патша қорғаны табылды

AstanaTV
30.07.2018ж. 20:00
6081
Сақ дәуіріндегі патша қорғаны табылды

Астана маңындағы Күйгенжар шатқалындағы сақ дәуіріндегі патша қорғанында екі аптадан бері қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар бүгін ерекше қабір тапты. Оның көлеміне қарап мамандар бұл сақ көсемі болуы мүмкін деп болжап отыр. Осыған дейін қорған маңынан 7 бірдей адамның қабірі табылған болатын. Оның екеуі әйел. Бірінің оң қолынан мыстан жасалған неке жүзігіне ұқсас сақина табылса, екінші мүрдемен жұп сырға, күміс белдіктің тоғасы көмілген екен. Шариғатта мәйіттердерді заттарымен көмуге рұқсат етілмеген. Дегенмен жерлеу дәстүріне қарап қабірлер 15-16 ғасыр бұрынғы болуы ықтимал, - дейді археологтар. Ал сақ көсемі болуы мүмкін қабір екі күннен кейін ашылмақ.

Марал Ғалымжанқызы, К. Ақышев атындағы археология ҒЗИ директоры:

Қабірді біз әлі ашпадық. Оны бүгін ғана таптық. Қорғанның дәл ортасында топырағының түсі қаралау болып айқындалып тұр. Бұған дейін біз оны көрмедік. Археологиялық жұмыстың әдісі сондай. Зерттеуді екі күннен кейін бастаймыз. Өйткені алдымен сызбасын жасаймыз. Қабір тоналмаған деп үміттенеміз. Әрине, алтын адам тауып алсақ қой. 

Сақ дәуіріндегі патша қорғанының биіктігі 4 метр, диаметрі - 60 метр. Қазба жұмыстарын Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 12 адамнан тұратын Есіл археологиялық экспедициясы жүргізіп жатыр. Бұл Астана маңындағы үлкен 3 қорғанның екіншісі. Соңғысына әзірге жүргізілген жер асты желілерге байланысты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр.  

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы