Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шымкентте мектепке оқушылары сыймай, қосымша ғимараттар жалға алынып жатыр

AstanaTV
06.09.2018ж. 20:00
4150
Шымкентте мектепке оқушылары сыймай, қосымша ғимараттар жалға алынып жатыр

Ал Шымкентте мектепке оқушылар сыймай, қосымша ғимараттар жалға алынып жатыр. Бір сыныпта орта есеппен 42 баладан. Білім басқармасының дерегінше, биыл 7600 түлек мектеппен қоштасқан. Есесіне  24 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттаған. Бақандай үш есе көп. Ал әріптесім Айзада Төребекқызы барған №1 мектеп-гимназиямен көктемде 90 түлек қоштасса,  күзде 501 бала бірінші сыныпқа келген.  

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкенттегі Александр Сергеевич Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназия биылғы оқу жылында екі бірдей ғимаратты жалға алып отыр. Соның бірі жолдың  мына қарсы бетіндегі  колледждің сынып бөлмелері. Жаңа оқу жылында, айта кетейік, бұл мектепте он алты  1-сынып ашылған. Соның тең жартысы осы ғимаратта оқиды.

№ 1 мектеп-гимназияның табалдырығын биыл 591 бала аттаған. Бұл былтырғыдан 67 балаға артық. Сегіз сынып № 6 колледжге жайғасса, өзгесі осы маңдағы тағы бір орта оқу орнының ғимаратында студенттермен бір ғимаратта әріп танып жатыр. 1-сыныптың 10-ы орыс сыныбы, алтауы қазақ класы. Соның өзінде бір сыныпта орта есеппен 42 оқушыдан отырады. Кейбірінде тіпті бала саны елуге жетеқабыл. 

Гүлназ Әбілдаева А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның директоры:

Бұл, әрине, қиындық тудыратыны рас. Бірақ басқа мүмкіншілігіміз жоқ. Өйткені орыс сыныптардағы ұстаздар жетпейді. Егер оны 24 немесе 25 баладан отырған күнде де біз мұғалімдерді ол класстарға таба алмаймыз.  Сондықтан барлығы көбіне 70-80 пайыз мұғалімдер екі сыныпты алып келіп жатыр, оқытып жатыр. 

Мектеп директорының мәліметінше, өткен оқу жылында 1-сыныптың саны 15 болған екен. Ал алдыңғы жылы тіпті 18 еді, дейді. 900 орындық мектепте оқушы саны - 4 200. Ұстаздар бала саны артуының бір себебін бұл төңіректе орыс сыныптарының жоқтығымен байланыстырады. Оған қоса, мектеп таңдау еркіндігі әсер еткен сыңайлы. Бір қызығы балалардың бұл күйі ата-аналарды аса алаңдатайтын секілді. Мұнда әр үйден кемінде 3 баладан келеді.

Райхан Бимұрзаева, ата-ана:

Өзімізге ұнайды осы мектеп. Өзім педагог болғаннан кейін білемін бұл мектептің жақсы екенін. Барлығы осы мектепте орыс класста оқиды. Симағанына қарамастан, әкеліп жатырмыз. Өйткені үйрендік осы жерге. Жақсы оқытады мұғалімдері бәрі. Мұғалімдері бәрі қатал.

Шымкентте № 23 мектеп-лицейінде де осындай жағдай. Ондағылар өзге мектептің ғимаратына жармасқан. Қаладағы рейтингі жоғары бірнеше мектепте оқушы тым көп. Былтыр 21 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл 24 014 бала келіпті. Білім басқармасындағылар мұны демографиялық дүмпумен байланыстырып отыр. 

Ақерке Абылайхан, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:

Ол жерден мектеп салуға жер учаскесі жоқ, маңайын қарасаңыздар. Басқа мектептерде де бұндай мәселелер бар. Қазір бұл мәселені де біз көтеріп отырмыз. Себебі босаған ғимараттар болуы мүмкін, сосын жекеменшік мектептер салу арқылы  қосымша құрылыс мектептердің қасынан салу арқылы, биыл 112 мектептің қасынан қосымша құрылыс салынып бітірілді, осылай шешеміз деп жоспарлап отырмыз.

Осыған қарағанда қала билігі халық санының өсуіне дайын болмай шықты. Әкімдік шаһарда қанша адам барынан бейхабар немесе қарапайым математикаға шорқақ болса керек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ