$533.61 €621.07 ₽6.78
×

ШҚО келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген азамат 9 жасар баланы асфальтқа лақтырған

AstanaTV
19.05.2015ж. 10:00
1495
ШҚО келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген азамат 9 жасар баланы асфальтқа лақтырған

Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы жаға ұстарлық жағдай, ғаламтор желісін пайдаланатындарды селт еткізді. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген азамат, жаға жыртысып жатқан екі баланы ажыратудың орнына, өз баласын жақтап, 9 жастағы Дәулет Сәрсембиновты көтеріп алып, сол маңайдағы асфальтқа лақтырып жіберген. Қазір бала аудандық аурухананың хирургиялық бөлімшесінде жатыр. Ал сарбаз қызметінен уақытша босатылды. Елдің төбе шашын тік тұрғызған оқиға қазір ғаламторда қызу талқылану үстінде.

Абзал Құрманкин:

Ұялы телефонға түсірілген мына кадрлар бірден әлеуметтік желі пайдаланышуларының ашуын тудырды. Олар сарбаздың әрекетін сынға алып қана қоймай, бұл іске прокурорлар мен құқық қорғау органдарының араласуын талап етіп отыр. Бейнекадрда жақындаған адам біреуін алып асфальт үстіне лақтырады.  Кейін белгілі болғандай арқасымен құлаған бала, басынан жарақат алыпты. Дәрігерлердің айтуынша, жапа шеккен Дәулет Сәрсенбиновтің бас сүйегі мен кеудесі зақымдалған, миы шайқалған.

Рустам Ходжаев, Аягөз гарнизонының әскери прокуроры:

Мамырдың он төртінде іс қозғадық. Ал он бесінде ауруханаға жатқыздық. Әжесі, ауруы асқынып кетпес үшін ауруханаға жатқызуды өтінді. Миына зақым келді ме деп күдіктеніп отырмыз.  Ал басқа ашық жарақаттары жоқ. Сүйектері сынбаған, ішкі мүшелері де сау.

Абзал Құрманкин:

Психолог Анжелика Мерсиянованың айтуынша, 9 жастағы бала дене жарақатымен қатар психикасына да зақым келуі мүмкін. Маман, сол маңда өтіп бара жатқан адамдардың бейқамдығына қынжылады.

Анжелика Мерсиянова, психолог:

Әйел адам негізінде агрессияны қолдамау керек. Әкелердің балаларын төбелеске жіберетіні түсінікті. Бұл әке тәрбиесі болып саналады. Ал төбелесті әйелдің құптағаны қате. Олар керісінше арадағы келіспеушілікті басқа жолмен шешуге үндеу керек.

Абзал Құрманкин:

Бейнетаспада асфальтқа түскен баланың жарақаттан шыңғырып жатқаны анық естеледі. Психологтың пікірінше, мұндай агрессия соңғы кездері жастар арасында көп байқалады.

Анжелика Мерсиянова, психолог:

Агрессия қалыпты жағдайға айналған сияқты. Оны теледидарда, балаларға арналған тауарларда, киноларда көп кездестіресің. Мультфильмдерде де бар. Мұны көрген балалар оны бойыңа сіңірмей, қайтсін.

Абзал Құрманкин:

Әскери прокуратура видеоға түскен сарбаздың Аягөз қаласында келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарып жүргенін растап отыр. Оған қатысты «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Рустам Ходжаев, Аягөз гарнизонының әскери прокуроры:

Бұл факт Аягөз гарнизоны әскери полициясы бөлімшесінің орталық реестрінде тіркелді. ҚР Қылмыстық кодескінің 293-бабы, 1-бөлімі бойынша сараптама тағайындалды. Гарнизондағы бүкіл әскерилер бұл оқиғаға таң қалып отыр. Себебі, барлығының балалары бар. Әлгі әкенің неге бұлай істегені белгісіз.

Анжелика Мерсиянова, психолог:

Өкінішке қарай, мұндай адамдар әскери құрылымдарға қабылданып жатады. Ал оларға берілетін арнайы сынақтамалар, шынайы сүзгі болуға қауқарсыз. Әскери қызметкерлердің бұл жағдайда қырағылығы мықты болуы тиіс. Адамдарда психопатиялық белгілер бірден байқалады. Ал әлгі сарбаздың ауытқуылары көрінген кезде, оған ешкім мән бермеген болар.

Абзал Құрманкин:

Психологтардың айтуынша, әскери қызметкер міндетті түрде медициналық-психологиялық тексерістен өтуі тиіс. Қазір полицейлер сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Онда жәбірленушіге келген зардаптың деңгейі көрсетілмек. Белгілі болғандай, зардап шеккен 9 жасар баланы әжесі тәрбиелеп отыр. Ол бұл оқиға жайлы тек бірнеше күннен кейін ғана естіп, немересін  ауруханаға әкелген. Дегенмен қазір Дәулеттің жағдайын дәрігерлер қалыпты дейді.

Абзал ҚҰРМАНКИН