Жеңілдетілген
автонесиеге бөлінген мемлекет қаражатының 75 пайызы игерілген. Осы бағдарламаны
жүзеге асырушы негізгі оператор - Қазақстан Даму Банкі қаржыландырудың
күнделікті мониторингін жасап, ғаламтордағы сайты арқылы тұтынушыны
ақпаранттандырып отырады. Өткен үш айда отандық автомобиль өндірушілері де
бұрын-соңды болмаған көлік саудасына қол жеткізіпті. Нәтижесінде қазақстандық
зауыттарда құрастырылған автокөліктердің ішкі нарықтағы сатылымы 12 пайыздан 30
пайызға дейін артқан.
Отандық
автоөндірісті қолдау мақсатында бөлінген 20 млрд теңгенің 75 пайызы өз иесін
тапты. Қазақстан аумағында құрастырылған автокөліктерді сатып алуға бағытталған
қаражаттан өз үлесін Елена Филиппова да алыпты. Ол Қостанайда жиналатын
корейлік автокөліктің бірін тақымдаған. Көліктің құны 4 млн теңге. Ал бес
жылда оның үстеме құны небәрі 250 мың теңгеге тең. Себебі мемлекет атаулы
сыйақы мөлшерін 4 пайыздан асырмау межесін белгілеген болатын.
Елена
Филиппова:
Мені
отандық автоөндіріске деген қолдау қуантады. Одан кейін өзімнің жеке әлеуметтік
жағдайыма оң әсері болды. Көптеген адамдар әлі де несиеге көлік сатып алудан
жүрексінеді. Бірақ осы жолғы жеңілдетілген несиенің пайдалы тұсын өзім
сезіндім. Сатып алған көліктің сапасы да көңілімнен шықты.
Елена
сияқты елімізде 3 мың 500 адам жеңілдетілген несиемен көліккке ие болған. Бұл
Қазақстан Даму Банкінің мәліметі. Отандық көлік өндірушілер шамамен 12 млрд теңгеге автокөліктерін саудалаған. Автосалондардың біршама босап қалуына
мемлекеттің қолдауы ерекше әсер етті, дейді автодиллерлер. Осы жылдың басында
елімізде құрастырылған көліктердің ішкі нарықтағы сатылымы 12 пайыз болатын. Ал
шілдеде ол 30 пайызға дейін артқан.
Мұхаммед
Әлімханов,
автосалон директоры:
Біздің
көліктерге деген сұраныстың жоғары екенін сатылым көрсеткіші-ақ байқатып отыр.
Мысалы, бағдарлама басталғалы бері жеңіл көліктердің сатылуы екі есеге артқанын
айтқымыз келеді. Сәуірден бергі сауда барысында біз бұрынғы меженің бәрін басып
оздық. Бұл мемлекеттің өндірушілерге
деген ерекше қолдауы, деп айтар едім.
Бағдарлама
алғаш іске қосылғандағыдай дүрбелең қазір автосалондарда байқалмайды. Кейбір
банктер маусым айында жеңілдетілген несиеге бөлінген қаражаттың таусылғанын
алға тартып, клиенттерді кері қайтарған да болатын. Қазақстан Даму Банкі екінші
деңгейлі банктер тұтынушылар үшін 4 пайызбен несиелеуге өтініштер қабылдауды
тоқтатпайтынын айтады. Қаржы институттары осы жылдың қазан айына дейін қалған 8
млрд теңгені игеруі тиіс.
Мөлдір
Сауытбекова, Қазақстан Даму банкінің департамент директоры:
Несие
алып үлгерген адамдар оны өтеуді бастап кетті. Қазір олардың саны орташа
есеппен 3 мың адам деп алсақ, әрқайсысы ай сайын 50-80 мың теңге аралығында
банктерге қаржыны қайтарып жатыр. Оны жаңағы 3 мың адамға көбейтетін болсақ,
шамамен 250 млн теңге жинақталады екен. Бұл қаражат қайтадан жеңілдетілген
несиеге бағытталады. Осылайша алдағы 20 жыл бойы қаржыландыру жалғаса бермек.
Борышкерлерге
Қазақстанда құрастырлған 55 түрлі автокөлік арасынан таңдауға мүмкіндік
берілген болатын. Өткен үш айда
жеңілдетілген несиемен сатып алушылар «Киа», «Хендай» және «Шкода» маркалы
жеңіл көліктерге таңдау жасапты. Қазақстандық өндірушілер сондай-ақ өз өнімдеріне
деген бағаны 30 пайызға арзандатқан болатын. Бұл өз кезегінде көрші Ресейден
жеткізілетін автокөліктер санының төмендеуіне мүмкіндік берген.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ