$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Шығыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қоры әлі күнге дейін картоппен толық қамтылмаған

AstanaTV
20.10.2015ж. 20:00
1204
Шығыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қоры әлі күнге дейін картоппен толық қамтылмаған

Шығыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қоры, картоппен толық қамтылмаған. Бұл жайында «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Манарбек Сапарғалиев айтты.  Оның дерегінше, жоспарға сәйкес, қазанның біріне дейін қойма 2 мың тонна кортоппен толтырылуы тиіс еді. Алайда бүгінде қоймада үштен бір бөлігі ғана, яғни 700 тонна кортоп жеткізілген. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдерінің айтуынша, биыл тұрақтандыру қоры жеке шаруашылықпен картопты 54 теңгеден сатып алу жөнінде келісім-шарт жасасқан. Алайда қожалықтың өнімін жазды күні бұршақ отап тастаған. Ал басқа біреуден сатып алуға келісім-шарт бойынша рұқсат жоқ.

Динара Шәріпова, «Ертіс» ӘКК ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

2015 жылдың сәуір айында өткен тауар биржасында біз фьючерстік келісім-шарттарға отырып қойдық. Сол кезде Семей мен Өскеменнің әкімдіктері берген тауар көлемін алып қойғанбыз. Сондықтан қазір өнімді 30 теңгеге болсын ала алмаймыз. Себебі келісілген өнім құнының 60 пайызы төленген. Осыған байланысты комиссия алдын-ала жасалған келісім-шарттарды соңына дейін жүзеге асыру керек деген шешім шығарды.

Тамыз айында Тарбағатай ауданының көкөніс өсірушілері тұрақтандыру қорына картопты 30 теңгеден, яғни келісім-шартта белгіленген сомадан екі есе арзан ұсынған болатын.

Ділдәбек Оразбаев, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі:

Жазда 500 тонна картоп дайындап қойған едік. Енді оларға телефон шалсақ, жауап бермейді. Сол кезде айтқам 1-2 мың тоннаны 30 теңгеден беремін деп. Енді қазір звондап сұрайды, «қаншадан бересіңдер» деп. Елу теңге дедік. Бірақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан әлі ешкім келген жоқ. Қазір 30 теңге деген баға жоқ. Бұл баға бір жарым ай бұрын болған. Қазір біз аудан ішінде жұртқа елу теңгеден сатып жатырмыз.

Айта кету керек, әлеуметтік дүкендерде биылғы өнім қарашаның бірінен бастап сатылуы тиіс. Алайда, қандай бағамен ұсынылатыны әзірге белгісіз. Былтыр картоп, пияз, қырыққабат пен сәбіз құны 65 теңге болатын.

 А. ҚҰРМАНКИН