$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Отандық тауарлардың көрмесі басталды

AstanaTV
06.05.2016ж. 20:00
1889
Отандық тауарлардың көрмесі басталды

Қазақстандық кәсіпкерлерге тауарын жарнамалау және өткізу жағы қиынға соғуда. Шикізатқа қатысты да проблемалар жетерлік. Астанада ашылған «Қазақстанда жасалған» екінші республикалық көрмесі барысында бизнес өкілдері осыны айтты. Көрмеге 300-ден астам отандық кәсіпкерлер тауарын қойған. Басым бөлігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие алып, аяққа тұрғандар. Қор оның пайыздық үстемақысын 14-тен 8,5 пайызға дейін төмендеткен. Айгүл Әдепбай көрмені тамашалап қайтты. 

Бұл жерді кәсіпкерлер үшін жарнама алаңы деуге болады. Көрмеге киім-кешек, азық-түлік, өндірістік техника, жиһаз бен қоса ұлттық нақыштағы тауарлар да қойылған. Мәселен, бұл жерде Қазақстанда жасалған кеседен қымыз ішіп, бауырсақтың дәмін татуға болады.

Қазақстанда жасалған деген марканың танымалдылығы артып келеді. Дегенмен қиындықтар жоқ емес. Бизнес өкілдері тауарын өзге өңірлерге жеткізуден қиналады. Сондықтан көбі өз аймақтарында ғана сатумен шектеледі.

Ең бірінші қиындығымыз - ол сбыт продукций. Сұраушылар бар, тек қана біздің кішентай Қандыағашта емес, Ақтөбеде ғана емес, басқа облыстарға, соның ішінде Астанаға да шығару. 

Роман  Никитенко, отандық компанияның коммерциялық директоры:

Қазақстандағы логистика қиын. Елдің аумағы үлкен болғандықтан, бір жерден екінші бір облысқа жеткізу оңай емес. Тапсырыс бершілерге жол шығынын көтеруге тура келеді. Сондықтан тауар қымбатқа түседі.

Кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отырған екінші мәселе - шикізат тапшылығы. Мәселен, қарапайым терінің өзін отандық аяқ киім өндірушілер шетелден алады.

Виктор Петросян, жеке кәсіпкер:

Шикізатты алыстан алдыртамыз. Тері Ресей мен Украинадан жеткізіледі. Сондықтан тауардың бағасы қымбатқа түседі. Бұған дейін былғарыны Оралдан алған едік. Бірақ  сапасы нашарлау болды.

Ерден Жүсіпов, кәсіпорынның коммерциялық директоры:

Шикізаттарымыз Ресейден, Кореядан, Өзбекстаннан, Ираннан келіп жатыр. Қазақстанда өндірілетін полиэтилен зауыты ашылса деген ойымыз бар. Оның ашылуы бізге көмек болады. 

Соңғы 5 жылда «Даму» қоры 20 мыңнан астам кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетіп  2,3 трлн теңге несие берді. Бизнес өкілдерінің екінші деңгейлі банктер арқылы алған әрбір 12-ші несиесі аталған қор арқылы үлестірілген.

Қаныш Төлеушин, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы:


Егер өткен жылы пайыздық үстемақы орта есеппен 14 пайызды құраса, биыл 8,5 пайыздан аспайтын болады. 5-7 жылға барлығы 24 млрд теңге беріледі. Және шағын несиелік өтініштерді қарау мерзімі 7 күнге дейін қысқарады.

Көрмеде отандық ойыншықтар да бар. Тек кәсіпкерлер оған пайдаланылатын пластикті де Ресейден алып отырғандарын айтады. Ағашты ойып, темірді былқыту арқылы жасалған бұйымдар, шыны заттар көздің жауын алады. Қалдықсыз өндірісті, яғни шыны сынықтарынан қажетті дүниелер жасауды, қарағандылық кәсіпкерлер дөңгелетіп отыр. Жәрмеңке үш күнге жалғасады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ