Қазақстан
бюджетті толтыру үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен 1 млрд доллар
қарыз алмақ. Тиісті келісімді бүгін Мәжіліс ратификациялады. Заң жобасын
таныстырған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов аталған банкпен келіссөздер барысында
2 млрд доллар қаралғанын айтып өтті. Бірақ Үкімет 1 млрд доллар алып, сол
бойынша есеп береміз деп шешкен. Яғни қажеттілік туындап жатса, екінші миллиардты
да тарта алатынымызды ескертті министр.
Бақыт
Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Халықаралық
қайта құру және даму банкінің 1 млрд доллар қарызы, 2,5 жылдық жеңілдікті
кезеңді қоса алғанда, 20 жыл өтеу мерзімімен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі 1,5
пайызға жақын. Қаржы министрлігі қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық
шарттарға сай, қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді республикалық бюджет
қаражаты есебінен жүзеге асыратын болады.
Депутат
Азат Перуашев Қазақстанның сыртқы қарызын тұрғындарға бөлсе, әр азамат 8 мың
доллар қарыз деген есебін келтірді. Сондықтан шетелден қарыз алуға қарсы. Халық
қалаулысы шетелден қарызданып қауғаланғанша, елдегі бай-манаптардың офшордағы
кірістерінің қаншалықты заңды екенін тексеруге кеңес беріп, сауалын
премьер-министр атына жолдады.
Азат
Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:
Кезекті шенеуніктер мен олигархтардың шетелге қашып кеткенін күтіп отырмай,
заңды реттеу керек. Экспортқа шығарылатын жемқорлық мемлекеттің қаржылық
мүмкіндігін төмендетеді. Ұлттық экономиканы офшорлықтан құтқару үшін Үкімет
қандай қадамдар жасағанын хабарлауды және «Офшорлық аймақтағы қызметті реттеу
туралы» заң жобасын Парламентке енгізуді сұраймыз. Пайдасын офшор арқылы
шетелге шығарып отырған компаниялар мемлекеттік көмектерді, салықтық
жеңілдіктерді, субсидияларды қолданбауы керек.
Естеріңізге
сала кетсек, қалталы Қазақстан азаматтарының офшорлы аймақтағы байлықтарын
жариялаған «Панамалық құжаттың» тағы бір тізімі шықты. Ондағы деректер бойынша
Панама аралдарында 250 қазақстандық активтерін жасырған. Тізім ішінде білім
және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те бар. Алайда ол мемлекеттік қызметке
келмес бұрын талай жыл бизнес саласында қызмет еткенін айтқан.
Айгүл
ӘДЕПБАЙ