$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Деркөл ауылының оқушылары Оралға қатынап білім алып жүр

AstanaTV
12.09.2014ж. 10:00
1665
Деркөл ауылының оқушылары Оралға қатынап білім алып жүр

Ал оралдық кей оқушылар омыртқасы майысып, көрші мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Қазір қала іргесіндегі Деркөл ауылының оқушылары Оралға қатынап білім алып жүр. Ал бастауыш сынып дәрігерлік амбулаторияны мектепке айналдырған. Мичурин ауылындағы жағдай да мәз емес. Ескі мектепке ақша кеш бөлінген. Ересектердің жұмысына салғырттығынан жапа шеккен балалар туралы Еркін Қариннің материалында.

Күнде, жарқ-жұрқ еткен полиция көлігін балалар қуана күтеді. Өйткені, қаладағы мектепке жеткенше, өздеріне берілген 4 автобусқа олар жол ашады. Балалар осыны қызық көретіндерін жасырмайды, дегенмен өз ауылындағы мектепке ештеме жетпейтінін олар да түсінген.

Әкімжан Айтқалиев:

Обедте оқимыз, школға өздері алып барады, сосын алып келеді. Алдымызда ГАИ жүреді. 4-мектепке дейін алып барады. Бірақ, өзіміздің мектепте оқыған жақсы. 12-мектепке жетпейді екен, ешбір мектеп жетпейді екен.

Олеся Ахманаева, Деркөл ауылының тұрғыны:

Менің көз алдымда балалардың бірі сүрініп құлады. Үсті лас-лас болып, өзгелермен бірге автобусқа отырды. Оны қарап жатқан ешкім жоқ. Қазір күн ашық, жер құрғақта жағдай мынадай, кейін күзде жаңбыр басталғанда, не күйде болмақ? Балалар жиналатын жерге қалқан орнатпаса, ертең барлығы да жаңбыр астында дірдектеп автобус күте ме?

Биылғы оқу жылын Деркөл ауылындағы 12-ші орта мектептің 1 мың 200 оқушысы басқа мектепте бастады. Өйткені, олардың білім ордасында жөндеу жұмыстары тура қыркүйекте басталған. Білім бөлімінің өкілдері мұны жөндеу ісіне бөлінген қаржының кешіктірілуімен түсіндіреді.

Виктория Зиненко, Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының бөлім басшысы:

Деркөл ауылындағы орта мектепке қаражат ел бюджетінен аударылды. 15-шілдеде бөлінген ақша тиісті есепшотқа тек 25-шілдеде ғана келіп түсті. Қазынашылық арқылы жүргізілетін қаржыландыру жұмыстарының осындай тұстары бар.

Нұрлан Қойшығалиев, Деркөл ауылындағы №12 мектеп директоры:

Алғашқы уақытта қиын уақыттар болды. Автобустар болмай қалды, шешілмеген мәселелер болды ата-аналар тарапынан. Қазір енді түсіністікпен қарап, бір жолға түскен сияқты. Ендігі мақсат - 9-ноябрь, біздің күрделі жөндеудің бітетін уақыты.

Деркөлден бөлек, Мичурин орта мектебі де биыл күрделі жөнделуі тиіс еді. Бірақ, мұнда да осындай жағдай қайталануы мүмкін. Бөлінген қаражат жеткенімен, енді мердігер компанияны анықтап, жұмысты бастамақшы. Мектеп оқу жылында жөндеуге жабылады. Жергілікті билік, ол кезде оқушыларды ауылдағы мәдениет үйінде, ауыл әкімдігі ғимаратында және көрші ауылдарға барып оқытуды жоспарлап отыр.

Еркін ҚАРИН