Соңғы бір жарым жылдың ішінде
Атыраудағы 5 балабақшада ішек құрты бактериялары табылып, қазір олардың жұмысы
тоқтатылған. Тағы 35 балабақша мен 12 шағын
орталықта санитарлық талаптар өрескел бұзылған. Бұл туралы облыстық прокуратура
хабарлады.
Бұл жайттарды құзырлы мекеме «Балапан»
бағдарламасының орындалу барысын тексеру кезінде анықтады. Тексеріс қорытындысы бойынша, 600-ге жуық тәрбиеленушінің
құқықтары қорғалған. 70-тен астам тәрбиешінің өз мамандығына сәйкессіздігі
әшкереленген.
Сондай-ақ, прокурорлар балабақшаларда
орын алу кезегі сақталмайтынын анықтап, бұл мәселені ерекше бақылауға алды. 10
балабақша мен 8 орталықта өрт қауіпсіздік талаптары бұзылған. Ал 4 мектепке
дейінгі мекемеде шаруашылық тауарлары мен қызметтерді 65 млн теңгеге
мемлекеттік сатып алушылар туралы заңды өрескел бұза отырып сатып алған.
Облыс прокуратурасының баспасөз
қызметі таратқан мәліметке сәйкес, тексеру қорытындысымен 26 адам тәртіптік
және 100-ге жуық адам - әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Базаркүл ІЗІМОВА