×

Шығыс Қазақстан облысында еріксіз қамауда болған еліктің лағы босатылды

AstanaTV
16.09.2014ж. 20:00
1923
Шығыс Қазақстан облысында еріксіз қамауда болған еліктің лағы босатылды

Шығыс Қазақстан облысында жекенің ауласында еріксіз қамауда болған еліктің лағы босатылды. Қапан-бұлақ ауылының тұрғындары инспекторға хабарласып, қамауда тұрған орман жануары туралы баяндаған. Дегенмен, қолға әбден үйреніп қалған үш айлық төлді орманға жіберу өте қауіпті. Еліктің лағы жыртқыштардың жемтігіне айналар еді, - дейді аңшылар.

Сондықтан, оны Өскемендегі жануарлар бағына жөнелтуді жөн санапты. Кішкентай елікке мұндағылар Джони деп, ат қойып үлгерген. Ветеринар-мамандардың нұсқауы бойынша оның қорегіне дәрумендер мен минералдар қосылып берілуде.

Ал, орман жануарын қамауда ұстаған ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ол браконьерлер еліктің енесін атып, төлін қалдырып кеткен жерінен осы лақты тауып алғанын айтыпты.

Ерік Дайырбаев, Шығыс Қазақстан облысы аңшылық бекетінің бас маманы:

Табиғатты қорғау заңнамасы бойынша бұл заң бұзушылыққа жатады. Ел аумағындағы аң аулау тәртібіне сәйкес, егер тиісті құжаттар болмаса, ұстап алған жануар заңсыз ауланған деп есептеледі және әкімшілік айыппұл салынады.

Заңғар САНАЙ