$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Ұлттық оператор сұйық отын импорттайтын басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге кіріскен

AstanaTV
16.09.2014ж. 20:00
1261
Ұлттық оператор сұйық отын импорттайтын басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге кіріскен

Жанар-жағармай тапшылығын жою әзірге мүмкін болмай тұр. Тіпті, ұлттық оператор сұйық отын импорттайтын басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге кіріскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрінің орынбасары мәлімдеді.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Қазір жанармай тасымалына қатысты әзірбайжандық «Сакар» компаниясымен келісім талқыланып жатыр. Сондай-ақ, Түркіменстаннан тасымалдау мүмкіндіктері қарастырылуда. Дегенмен бүгінде барлық тапшылықты жою мүмкін болмай тұр.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» компаниясы шығынға батып, Ресейден қымбат жанар-жағармай тасымалдауға мәжбүр. Жуырда елге 69 мың тонна жанармай жеткізуге келісім жасалған. Әзірге оның 9 мың 600 тоннасы жеткен.

Бүгінде Ресейдің Қазақстанмен арадағы келісім-шартты орындауға мүмкіндігі жоқ көрінеді. Себеп, елдегі ірі мұнай өңдеу зауытында апат болды және Қырым секілді қосымша нарықтың пайда болуына байланысты көрші елдің өзінде тапшылық туындаған. Қарабалиннің сөзіне сенсек, елімізде жанармай жетіспеушілігі қазан айында шешілуі керек. Ал, бекітілген баға әзірше өзгермейді.

Мөлдір ДҮЙСЕКИНА