Ал Шығыс Қазақстан облысы кедендік
бақылау департаменті сұйық отынды әр литрін 195 теңгеден сатып алуға дайын.
Мекеме Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған бұл деректі растап отыр.
Айта кетейік, өңірлік кедендік бақылау
департаментінің дизельді нарықтағы бағадан әлдеқайда артық бағаға сатып алуға
өтініш бергені туралы дерек жұртшылықты біраз шулатты.
Ал Қазақстанда сұйық отынның бөлшек
саудадағы шекті бағасы 115 тенге. Мемлекеттік
сатып алу кезінде оның құнының 80 теңгеге артып кеткені таңқаларлық. Кеденшілер
бұл мақсатқа бас-аяғы 49 миллион теңгедей қаржы бөлген. Өткен жылы ведомство
отынның литрін 165 теңгеден сатып алған.
Ал биыл кеденшілер бағаның өскеніне
девальвацияның әсері бар деп отыр. Шаруашылық
қажеттіліктерге, яғни жылыту маусымына, тракторлар мен электр генераторына,
қала берді жолдарды тазалауға 250 мың литр дизель отыны қажет көрінеді. Сатып
алу құнының мұншалықты шарықтауына кеденшілер қарсы емес.
Ерлан Бүткенов, ШҚО бойынша Кедендік бақылау департаменті
басшысының орынбасары:
195 теңгенің ішіне отынды кеден бекеттеріне дейін тасымалдау да кіреді. Олардың ара қашықтығы 500 бен 600 шақырымның арасы. Оның
үстіне, 250 мың литрді бір мезгілде алып кету, сақтау мүмкіндігі бізде жоқ.
Сондықтан отынның біраз бөлігін тасымалдаушылар сақтай тұрады.Ол үшін ақы
төлейміз.Осы шығындарды есептегенде 165 тенге деген баға шығады, оған 20 пайыз
девальвацияны қосамыз.
Кеденшілердің бұл есебі қаншалықты
дұрыс? Анық-қанығын алдағы уақытта бақылаушы
органдар айтады.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА