Қытайда «Калмэджи» тайфуны аймағынан 4
қазақстандық азамат құтқарылды. Бұл туралы «Қазақпарат» хабарлады.
Хайнань курорттық аралынан қауіпсіз
жерге көшірілген Ысқақовтар отбасы Қытайға Астанадан келген көрінеді. Оқиға
орнында болған Назым Ысқақова есімді азаматша өздері тоқтаған қонақ үйді
толықтай су басып, қиратып жатқанын баяндаған. «Қазақстандық дипломаттардың дер
кезінде көрсеткен көмегінің арқасында қазір азаматтарымыздың өміріні еш қауіп
жоқ», - деп жазады агенттік. Туристтер аралда әуе қатынасы ашылған кезде бірден
елге қайтуға бел буып отыр.
Қазір Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігі апат аймағында қалуы ықтимал азаматтарымызға көмек
көрсету үшін жедел желі ашты. Оған
хабарласқан қазақстандықтар Қытайдағы туыстары туралы ақпарат ала алады.
Секундына 40 метр жылдамдықпен соққан «Калмэджи» тайфунын мамандар күштілігі бойынша өткен жылы Қытайда 60
адамның өмірін жалмаған «Рамассун» дауылымен
салыстыруда. Тайфунға байланысты Хайкоу және Сайня қалаларының халықаралық
әуежайларында жүзден астам рейс тоқтатылды. Метеорологтардың болжауынша, дауыл бейсенбі күнге дейін созылады.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ