$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Оңтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауылының халқы трасса бойындағы көлік жылдамдығынан үрейленеді

AstanaTV
19.09.2014ж. 20:00
1702
Оңтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауылының халқы трасса бойындағы көлік жылдамдығынан үрейленеді

Жылдамдықты кідіртетін кедергі немесе жаяу жүргіншілерге арналған белгі керек. Оңтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауылындағы бұқараның базынасы - осы. Ауылды жарып өтетін үлкен тас жолға екі белгінің бірі қойылса дейді. 175 түтіні бар елді мекен тұрғындарының айтуынша, Шымкент пен Арыс қаласын жалғап жатқан үлкен тас жол төрт түлік малды санамағанда соңғы он шақты жылда тоғыз адамның ажалына себепкер болыпты. Ауылдағы ағайынның жан айқайын әріптесім, Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.

Жамбыл ауылының қақ ортасын кесіп өтіп тұрған бұл жол- облыстық маңызға ие. Тұрғындар үшін ең қорқыныштысы осы. Өйткені үш шақырымға созыла қоныстанған халық жолдың бір бетінен екінші бетіне оңайлықпен өте алмайды. Өйткені ешбір жерде арнайы белгі жоқ.

Жергілікті халықтың пайымынша, жол белгінің болмауы адам өліміне әкеп соғуда. 1200-ден астам тұрғыны бар Жамбыл елдімекенінің тұрғындары осы жерді - ажал трассасындай көреді. Себебі, соңғы оншақты жылдың өзінде тоғыз адам ажал құшыпты.

Ұлжалғас Сүгірова, Жамбыл ауылының тұрғыны:

Менің шалым мен қоңсымның шалын екеуін бірдей басты. Ал ол бишаралар енді 63- ке келген адам еді, мейлі енді, жастарды айтсай шырағым- ау. Мен өте алмайм. 75 -ке келдім. Арлы-берлі өтсем балдар, келіндер жолдан өткендер өткізеді.

Балтабай Шатырбаев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

Машиналар өте үлкен скоростпен өтеді. Бірін бірі жарысып, сигнал беріп өтеді. Асфальттың жағасында пешеход жоқ. Өңкей жас балдар мектепке барады, қайтады. Асфальттің арғы бетіне өтеді, бергі бетіне өтеді үйіне қарай. Өте қиын енді. Сол үшін жолға үш жерден ба тосқауыл жасап берсе, халықтың тілегі сол сұранатын.

Әзірше ауыл азаматтарының тілегі орындалмай келеді. Болмаса талай табалдырықты тоздырыпты, халық. Уәде қағаз күйінде қалып жүр деседі тұрғындар. Айтуларынша бұл биыл туындаған қиындық емес. Арнайы тосқауылдар жоқтығынан елді-мекен ішімен заулаған көліктің жылдамдықты бәсеңдеткен кезі жоқ көрінеді. Өйткені арнайы тосқауылдар бұрын да болмаған.

Әшірбай Сәдиев, Жамбыл ауылының тұрғыны:

Бұған дейін уәдесі «бітіреміз жолды, жол біткеннен кейін знак қоямыз дейді. Әлі знак қойылған жоқ. Қазір 8 ай болды. Сегіз айдан бері ешқандай кемейді да, айтпайды да сонан кейін біз соған ашынып жатырмыз.

Ашынатындарындай бар. Уәделі күнді күтіп жүргенде жуырда тағы бір жасөспірім көлік астына түсіп қалды. 11 жасар Нұралы Мәуленов балдаққа енді ғана сүйеніп, жүре бастаған. Оны өткен шілдеде жазатайым көлік қағып кеткен. Басы жарылып, аяғы сынған жеткіншек әлі мектепке бара алмай жүр.

Нұралы Мәуленов:

Мен келе жатқан кезде ол алыста келе жатыр еді. Мен тез-тез өтем дегенше үлгере алмай қалдым. ол да тез кеп қалды.

Нұралының көрер жарығы бар деседі. Ал бұған дейін көлік астына түскендердің тірі қалғаны жоқ,- дейді ауыл азаматтары. Жуырда ғана қайта жөнделген жолда ауыр және жеңіл автокөліктер жылдамды тежеместен зулаған күйі өте шығатынына өзіміз де куә болдық. Бірақ халықтың бүгінгі қаупіне жақсы қанық шенділер кезекті уәдені үйіп-төгіп отыр.

Сәттар Жолболды, Бөржар ауылдық округінің әкімі:

Бұл халықтың ұсынысы мен өтінішін біз білеміз. Біз облыс басқармаға осы жөнінде шыққанбыз. Ол кісілердің жауабы: осы жол қалай қабылданып бітеді, лежачий да, осы белгілер де, жол белгілерінің бәрі қойылатын болды. - Қашан? - Осы қараша айында.

Алайда, ауыл ақсақалдары уәделі күнді күтуге тағаты жетер емес. Сары уайымға салынған халық уақытша болса да тығырықтан шығатын амалын қарастыруды сұранады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ