$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Ақмола облысындағы Калачи ауылында «ұйқы ауруы» тағы төрт адамды сұлатты

AstanaTV
23.12.2014ж. 13:00
1405
Ақмола облысындағы Калачи ауылында «ұйқы ауруы» тағы төрт адамды сұлатты

Ақмола облысындағы Калачи ауылында тағы да төрт адам «ұйқы ауруына» шалдықты. Красногорск дәрігерлік амбулаториясынан «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне хабарлағандай, ұйықтап кеткендер арасында үш ересек адам және бір бала бар. Олар аудандық ауруханаға жеткізіліпті. Өткен сенбіде де дәл осындай диагнозбен емдеу орталығына тағы 10 адам жатқызылған болатын.

Еске салайық, Калачи ауылы мен Красногорск елді мекенінің тұрғындары үстіміздегі жылдың наурызынан бастап денсаулығына байланысты дәрігерлерге шағымданған еді. Олар ұмытшақтыққа душар болғандарын, әртүрлі елестер мазалайтындарын айтып көмек сұраған. Сол кезде ақ халаттылар «энцефалопатияның түсініксіз этиологиясы» деген диагноз қойды.

Қанша мәрте арнайы тексерулер бойынша комиссия құрылғанымен, дерттің дауасы мен шығу себебі әлі күнге анықталмай отыр. Бүгінге дейін аталған аумақта мамандардың қатысумен мыңнан аса тексерулер жүргізілген. Ал, жергілікті тұрғындардың байқауынша, ауру әсіресе күн жылығанда қозады. Облыс атқамінерлері болса, тұрғындарды жаңа жылдан кейін басқа жаққа көшіруді жоспарлап отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ