Яван теңізінде із-түссіз жоғалып
кеткен Air Asia рейсіне 10 адамы бар отбасы кешігіп қалған. Бұл туралы «РИА Новости»
агенттігі хабар таратты.
Рейске кешіккен Ари Путро Каньехо -
өзінің электронды поштасын тексермегендіктен, Air Asia әуе компаниясынан ұшып
кету уақыты екі сағат ілгеріге ауысқанын білмегенін айтады. Бірақ, сонда да
оның отбасы әуежайға небәрі бірнеше минутқа ғана кешігіпті. Олар компания өкілімен сөз таластырмай, басқа ұшақпен
баруды ұйғарған. Бұдан кейін оларға компания өкілі келіп, отбасы мінуі тиіс
болған ұшақтың апатқа ұшырағанын жеткізеді.
Дегенмен, әзірше бұл ұшақтың апатқа
түскені жайлы ақпарат ресми түрде әлі расталған жоқ. Ал, кейбір ақпарат көздері
Air Asia әуе компаниясының Сурабаядан Сингапурға бет алған Airbus A-320 ұшағы
28 желтоқсанға қараған түні Белитунг аралына жақын маңда суға құлағанын жарыса
жазды.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, оның
бортында 155 жолаушы мен экипаждың жеті мүшесі болған. Бүгін іздестіру жұмыстары қайта жаңғыртылды. Кемелердің
саны көбейіп, іздеу аймағы кеңейді. Іздестіру жұмыстарына АҚШ пен Австралия
көмек көрсетуде.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ