$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Маусымның жетісі - Түркия Ұлттық мәжілісінің депутаттарын сайлау күні

AstanaTV
12.02.2015ж. 20:00
1679
Маусымның жетісі - Түркия Ұлттық мәжілісінің депутаттарын сайлау күні

Былтыр  екі бірдей сайлау өткізген Түркияны алда тағы бір саяси науқан күтіп тұр. Маусымның жетісі - Түркия Ұлттық мәжілісінің депутаттарын сайлау күні. Конституцияға сәйкес, ақпанның жиырмасына дейін барлық партия өз кадидаттарының санын есептеп, есімдерін анықтауы тиіс. Бүгінгі билік басындағы Әділет және даму партиясы 550 орындық мәжіліс сарайына 400 жолдама алсақ деген үміті бар екенін жасырмады. Әріптесім Самат Сүлей жалғастырады. 

Жалпыұлттық сайлау осымен 26-шы рет өткелі отыр. Елдегі заңға сәйкес, партиялар мәжілістен орын алу үшін, жалпы дауыстың кем деген 10 пайызын  жинауы тиіс. Алайда, аталған межені бағындыру 31 партияға түгел бұйырмасы анық. "Негізгі тартыс 4-5 партияның арасында өтеді", - дейді, түрік сарапшылары. Ал депутаттыққа таласатын үміткерлердің жалпы саны 10 мыңнан асады. 

Тарык Торос, саяси сарапшы:

Ел арасындағы басты сұрақ - бұл сайлаудан соң Түркияның басқару формасы қалай болмақ? Режеп Тайып Ердоған мырза президенттік басқару формасына өту туралы жиі көтергенімен, оның қай елдің үлгісінде жасақталауы мүмкін екенін ашып айтпады. Өйткені бұның бірнеше формасы бар. Сайлаудан соң бұл "құпия да" ашылады. 

Он екі жылдан бері билік тізгінін бермей келе жатқан Әділет және даму партиясы бұған дейінгі сайлауларда 550 орынның 50-55 пайызына ие болып, үкіметті өздері жасақтаған. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмай жеңіске жетіп, 400 орынды қанжығалап, рекорд жаңартқысы бар. Алайда, сарапшылардың болжамынша, 270-тей орынды иеленеді. Ал партияның «тау тұлғасы» Түркия премьер-министрінің орынбасары Бүлент Арынч бір сөзінде билік партиясына өкпесін ашық айтатындар көбейді деп қынжылуда. 

Бүлент Арынч, Түркия премьер-министрінің орынбасары:

Бұған дейін  бізге 50 пайыз дауыс жинау қиындық тудырмайтын. Тиісінше, халық Әділет және даму партясына дауыс бермесе де, құрмет көрсетіп, жұмыстарымызды бақылап отыратын. Ал қазір жағдай басқаша - сол дауыс бермегендер бізді жек көреді.

Депутаттықтан үміттілердің арасында ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның қызы Сумайяның есімі жиі айтылуда. «Отыз жасымда орда бұзсам» деген ойын ол әлі ресми жарияламады. 

Тарык Торос, саяси сарапшы:

Ердоғанның қызы мен ұлы Біләл саясат сахнасынан соңғы жылдары жиі көрініп жүр. Сумайя ханым әкесі  партия жетекшісі кезінде кеңесші болды. Қызы әкесіне қалайша ақыл айтып, кеңес берсін?

Дегенмен, сарапшылар батыл болжам жасау үшін партиялардың сайлау алды бағдарламасымен танысуымыз керек деді. Бұл құжат әзірге құпия күйінде.

Самат СҮЛЕЙ