×

300 қызылордалық бүгін қоныс тойын тойлады

AstanaTV
18.06.2015ж. 20:00
1275
300 қызылордалық бүгін қоныс тойын тойлады

Бүгін Қызылордада үш жүз отбасы қоныс тойын тойлады. Жаңа пәтерге көшіп, қуанышы қойнына сыймағандардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, полицейлер, мемлекеттік қызметшілер, тіпті кәсіпкерлер де бар. Ал жыл соңына дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша тағы 280 отбасы баспаналы болмақ. Қуанышы Рамазан айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген жаңа пәтер иелерін «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп құттықтады.

Баспана тауқыметін бастан өткерген Әбдіхалықовтар бүгін мәре-сәре. Залы мен жатын бөлмеден бөлек, ас үйінің үлкендігін көрген Ақмарал қатты қуанды. Ерлі-зайыптылар тірнектеп тапқанын, алты жыл бойына аузынан жырып, "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне" аударып келген. Көптен күткен арманының орындалғанына қуанған отбасы қуаныштарын ірке алмады.

Бауыржан Әбдіхалықов, жаңа пәтердің иесі:

Бүгін пәтерлі болып қуанып жатырмыз. 6 жыл бойы тірнектеп жиғанымызды банкке салдық, ақыры еңбегіміз еш кетпей, үш бөлмелі пәтерге ие болдық. 

Пәтерлі болған отбасылар - әр саланың өкілдері. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері де бар. Қоныс тойын тойлауға бүгіннен кіріскен отбасылар үйдің сапасына жоғары баға берді.

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарма төрағасы:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біздер пайыздық төлемдер мен алғашқы салымдардан бас тарттық. Осындай жұмыстардың арқасында «Нұрлы жол» бағдарламасының шарапатын көріп үйлі болған азаматтардың қатары көбейеді. Кезекте тұрғандар азаяды. Бұл ретте жас отбасылар мен жас мамандарға баса көңіл бөліп отырмыз.

Тұрғын үйді мердігер компания өз қаржысына салып бітірді. Үш деңгейлі бақылау жүйесінің тексеруінен соң ғана, холдинг құрылыс компаниясына ақы төлейді. Әлбетте, үйдің сапасы қатаң бақылауға алынған. Облыс орталығында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жылдың соңына дейін тағы 280 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Берік ХАСЕНОВ, Еркін КАРИН, Шарипа САҚТАПОВА