1 қыркүйектен бастап
мектептерде тегін тамақпен тек жетім және жағдайы төмен отбасылардың балалары
қамтылады. Мұны Білім министрлігінің өкілі растады. Қазір тиісті ережелер
қарастырылып жатқан көрінеді. Айта өтейік, күні кеше Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев
дағдарысқа байланысты бастауыш сынып оқушыларына қаралып келген қаражаттың
үнемделетінін айтқан. Яғни, жаңа оқу жылынан бастап ата-аналар мектеп
асханасында берілетін тамақтың ақшасын өздері төлейтін болды.
Тахир Балықбаев, ҚР Білім және
ғылым министрінің орынбасары:
Қазір мектептерде тек қана
арнайы жетім балаларға, жағдайы төмен балаларға ғана тамақ беретін
мүмкіндіктердің бәрін қазір қарастырып жатырмыз, ережелерін. Толық шешіліп
біткеннен кейін айтып беретін боламыз.
Тахир Балықбаев келер жылы
Ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін айтты. Ол
ұстаздар қауымына қатысты болмақ. Мәселен, оқытушылар кәсібиліктерін
дәлелдейтін қосымша емтихандар тапсыруы
ғажап емес. Сондай-ақ, вице министр сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым
комитеті депутаттарының назарына мәжіліс мақұлдаған «Байқоңырдағы білім беру мекемелерінің
Қазақстан иелігіне өтуі туралы» заң жобасын таныстырды. Келісім толық
ратификациядан өтсе, 2015 жылдан бастап Байқоңырдағы 6 мектеп пен 1 бала-бақша
Қазақстанның білім беру стандарттарына өтпек. Бюджеттен бұл мақсатқа 4
милионнан астам қаражат қаралып отыр.
Тахир Балықбаев, ҚР Білім және
ғылым министрінің орынбасары:
Келісімге сәйкес Байқоңыр
қаласындағы 6 мектеп пен бала-бақша Қазақстан Рсепубликасының юрисдикциясына
өтеді. Заң жобасы республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды көздейді.
2015-17 жылдардағы қаржыландырудың болжамды шығыстары 4 миллион 304 мың теңгені
құрайды. Бүгінгі таңда Ресей федерациясы тарапымен бірлесе отырып, білім беру
ұйымдарын табыстау бойынша комиссия құрамы анықталды.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА