Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда тұрғындар заңсыз құрылысқа шағымданды

AstanaTV
04.10.2018ж. 20:00
2952
Алматыда тұрғындар заңсыз құрылысқа шағымданды

Алматыда бір топ тұрғын көршілес орналасқан кәсіпорынның әрекеті заңсыз деп шағымданды. Райымбек даңғылы мен Полежаев көшелерінің қиылысындағы жер үйдің халқы ірегелес салынған өндірістік ғимараттың құрылыс талаптарына сай келмейтінін айтады. Көшеге тақап салынған бірнеше қабатты нысан жаяу жүргіншілер жолын тарылтып, қыс мезгілінде адамдардың қатынауына кедергі болмақ. Қалалық құрылыстық қадағалау департаменті заңсыздықты анықтап, айыппұл салумен шектелген.  

Жетісу ауданына қарасты Полежаев пен Зеленая көшесі халқының тынысын тарылтқан өндіріс орны мынау. Тұрғындардың айтуынша, тұздық шығарумен айналысатын кәсіпорыннан шығатын жағымсыз иіс көп жылдан бері елдің мазасын қашырған. Аллергиялық дертін қоздырып, кейбірі демікпеден зардап шегіп отырғанын айтты.   

Рая МАЛШЫБАЕВА: 

Мыналардың исі анау көшенің аяғына дейін барады, таңғы бестен жүрсеңдер. Жазда мұнда отыра алмаймыз. Ешқандай жел жоқ. Мұндай приправа шығаратын өндіріс орындары қаланың шетінде болуы керек қой.

Тұрғындардың ескі дертін жаңа құрылыс алаңы қоздыра түскен. Былтыр күзде кәсіпорын мына биік ғимаратты тұрғыза бастапты. Құрылыстан хабарым бар деген іргелес үйдің тұрғыны Жақыпбек Жақсыбаев нысанды салуда тиісті талаптардың сақталмағанын айтады. Ғимарат қызыл сызықтың үстін басып, көлік жолына тақап салынған. Жаңбырдың суы ағатын арықтар қарастырылмаған. Ал, қыс кезінде жүргіншілердің үстіне қар, мұз құлау қаупі ескерілмей отыр деді.    

Жақыпбек ЖАҚСЫБАЕВ: 

Ғимарат бар-жоғы 1 этажды еді. Жерден 4 метрдей биік. Ал қазіргі салынғаны 24-26 метр биіктікте салынды. Ары-бері өтетін халықтың жүретін жолын жауып отыр. Көріп тұрсыздар, тал түсте мына тұрғын үйлдердің біреуіне жарық түспейді.

Бұл құрылысқа қатысты аудандық прокуратура мен сәулет құрылыс қадағалау мекемесі тексеру жүргізген. Мамандар құрылыс нормаларын бұзған өндіріске 1 млн. теңгеге жуық айыппұл салумен шектеліпті.    

Дархан АҚУБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ ҚҰРЫЛЫС ҚАДАҒАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке құжаттарын реттеу туралы нұсқау берілді. Егер, жобаларын белгіленген мерзімде реттеп әкелмесе, тексеру жүргізіп, тиісті шара қолданамыз.

Гүлсім БӘЙДІБЕКОВА, «РОЙАЛ ФУД» КОМПАНИЯСЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Тұрғындардың жазған шағымына бола дау көтерудің қажеті жоқ. Біз несие алып, осы жерде қаншама адамға жұмыс беріп отырмыз. Ал, ғимараттың қандай жолмен салынғанына мен жауап бере алмаймын. Тиісті құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр, солардан сұрап алыңыздар.  

Кәсіпорын талапқа сай келмейді деген ғимараттың іргесінен тағы бір нысанның құрылысын бастаған. Тұрғындар оның да заңсыз салынып жатқанына сенімді. Шарасы таусылған халық тексеруші органдар оны тоқтатпаса, сотқа шағымдануға бекініп отыр.         

Р. Асқарбекұлы