Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Енді елде пәтер иелері кооперативтері болмайды

AstanaTV
11.10.2018ж. 20:00
2284
Енді елде пәтер иелері кооперативтері болмайды

Енді елде пәтер иелері кооперативтері болмайды. Оның орнына әрбір тұрғын үйдің басқару компаниясы құрылмақ. Оны пәтер қожайындары басқарады. Заң жобасына енгізілетін бұл өзгерістер бүгін депутаттар арасында алғаш рет талқыға түсті. Құжатты таныстырған Инвестиция және даму вице-министрі басқарушы компаниялар «бір үй-бір шот» қағидасымен жұмыс істейді деп отыр. Бұдан былай үйді күтуге коммерциялық нысан иелері де қатысуы тиіс. Ал, қожайындар үйді ұстау шығындарын үй-жай шаршы метріне қарай төлейтін болады.  

Сапар АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Әрбір үйдің өзіңнің есеп-шоты болады. Олар сол есеп-шот бойынша басқарып, кеңес құрады. Сосын тұрғындар арасынан басқаратын бір адамды тағайындайды. Сосын әр үйдің басқармалары өздері осы үйді күтіп ұстайтын, осы үйге қызмет көрсететін компанияны таңдап алып, солармен келісім-шарт арқылы жұмыс жасайды да, ай сайын төлеп отыратын болады.

Министрлік үйді пайдалану шығындарының ең төменгі мөлшерін белгілейді. Ал, олардың тарифтерін анықтау жергілікті мәслихаттарға жүктелмек. Өйткені, әр өңірдегі баға әртүрлі. Осылайша, бірыңғай тариф белгіленеді. Ал, тұтынушылар қызмет пен тариф құнын «е-шаңырақ» мобильді қосымшасы арқылы телефондарынан көре алады. Электронды жүйе қараша не желтоқсанда іске қосылуы мүмкін. Мұның барлығы ашықтық үшін жасалмақ. Президент жолдауында тарифтер тәртібін орнатып, ашықтықты күшейтуді тапсырған еді.  

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Айына бір рет төлейсіз ғой. Оны білмейсіз дұрыс санала ма, дұрыс саналмай ма. Жаңа тариф бойынша сіздің сотовыйыңызда күнделікті шығындарыңыз көрсетіліп тұрады. Бүгін осыншама су жұмсадыңыз, осыншама ақша сіз қарызсыз.

Елде 78 мыңнан астам көппәтерлі үй бар. Оның 25 пайызы ескі. Жаңа заң күшіне енсе, жергілікті билік үйлердің қасбетін, шатыры мен лифтін жөндеуге құқылы болады. Бірақ, тұрғындар кеткен шығынды 8 жылдан 15 жылға дейін бөліп қайтаруы тиіс. 

Г. Меңдеева