Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Болашағы бұлыңғыр» ауылдардың тұрғындарын көшіру жайы

AstanaTV
03.11.2018ж. 20:00
3881
«Болашағы бұлыңғыр» ауылдардың тұрғындарын көшіру жайы

Солтүстік Қазақстан облысында «болашағы бұлыңғыр» деп танылған 103 ауыл бар. Жыл соңына дейін 38-і жабу көзделген, 15-і анық жабылады. Соңғы 5 жылда тұрғындарының саны 50 ден аспайтын 34 ауылға бейнелеп айтқанда «құлып салынған». Әлеуметтік нысандар жоқ. Түк қалмаған. Сондықтан урбанизация процесіне енді тоқтам болмайды. Бұл табиғи да құбылыс. Тек тіршілігі тыныштыққа ұласқан ауылдардың арасында шекара бойындағылар да бар. Бұл шекараны «жалаңаштау» болып шықпай ма? Күре жолдан алыс емес, топырағы құнарлы жерлерде мал ұстап, егін егуге мүмкіндік бар – сөйтемін деген фермерлерге жәрдемдесу керек шығар. Проблемаға осы ракурстан қарап, сондай бір бағдарлама ма, жоспар ма, құрса. Шекара бойында мал жайылып, егін жайқалып тұрмаса, болмайды. Екінші сауал - картадан сызылатын ауылдардың тұрғындарын қайда апарады? Қаражат бөліне ме? Жабылатын ауылдарды аралаған Абзал Құрманкиннің репортажы.

Ауған соғысының ардагері Сергей Шевчук өмір бойы Қызылжар өңіріндегі Липовка ауылында түтін түтетіп келген. Соңғы 20 жылдықта ауыл халқы жыл сайын азайған. Келешегі бұлыңғыр елді-мекенде жоспар құрып, бірнәрседен үміттену мүмкін емес дерлік. Оның үстіне отағасы жұбайымен ажырасып кеткен екен. Сондықтан ол Богатыровка селосына қоныс аударған. Тоғыз жолдың торабындағы бұл ауылдың жағдайы жаман емес. Нанды 5 шақырымнан тасыған Сергей Шевчук айлақта жалғыз қалмағанына қуанады.

Сергей ШЕВЧУК, БОГАТЫРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен Липовкада жалғыз қалдым. Кейін аудан әкімі келіп, басқа ауылдан үй ұсынып, көшіріп алды. Дүкеннен нан алу үшін 5 шақырым жердегі көрші ауылға баратынмын. Қазір жағдайым жаман емес. Жұмыс іздеп жатырмын.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Тек Сергей Шевчук ғана емес, Липовка ауылының бүкіл тұрғыны ұлы көшке қосылып, жайлы мекен іздеп кеткен. Бүгінде әбден арыған ауылда бір де бір түтін қалмаған. Үйлер қоралармен қоса қаңырап бос тұр. Өткен ғасырдың орта белінде құрылған ауыл, араға 60 жыл салып, енді өткеннің елесі болып қалмақ.

- Баня была вон там, школа стояла в центре. Вот это посадка была, типа парк. Там был клуб, школа, детсад.

Ал бұл – Тайынша ауданындағы Глубокий ауылы. Ол да жақын арада Липовканың кебін киюі мүмкін. Тоқсаныншы жылдары аталған селоны 300-ге жуық тұрғын мекен еткен. Бүгінде мұнда қалған 6 тұрғын өзге жерге көшуден үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Валентин ГАРБОВСКИЙ, ГЛУБОКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізге әкімдік өкілдері Тайыншаға көшуді ұсынған болады. Пәтер береміз деді. Ауыл халқына пәтердің қажеті не? Біз мал ұстап үйренгенбіз. Әзірге мекен ауыстыру жоспарда жоқ.

Ауыл коммуналдық қызметтерден әлі ажыратылған жоқ. Елді-мекенде қалған 6 баспананың иелері тоқ пен телефонның ақысын ай сайын өтеп отырады. Селода әлеуметтік нысандар құрығанымен, ғибадатхана әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Мереке күндері жамағат осы жерде бас қосады екен.

Леонид ГАРБОВСКИЙ, ГЛУБОКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен осында туып-өстім. Мал ұстаймын. Ешқашан ішім пысқан жоқ. Демалу дегенді мүлдем білмейміз. Адамдар бір-бірімен қоян-қолтық араласады. Керек кезде бірімізге біріміз қол ұшын созамыз.

Көшуге ниетті адамдарға дайын тұрған баспана жоқ. Қоныстанатын жерлердегі шаруашылықтардан әкімдік сұрайды. Ал мал-мүлкін тасымалдауға кететін шығынды тұрғындардың өздері арқалайды. Себебі бюджетте бұл мақсатқа қаражат қарастырылмаған.

Талғат ӘКІМЖАНОВ, СҚО ТАЙЫНША АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тайынша ауданында халық саны 10 адамға жетпейтін 7 ауыл бар. Онда қырық шақты адам тұрады. Біз ірі ауылдардан оларға үй іздеп жатырмыз. Баспананы жұмыспен қамтитын шаруашылықтар ұсынады. Бірақ кейбір тұрғындардың көшкісі жоқ. Бұл ауылдар маңайда орналасқан ірі елді-мекендерге қосылады. Олар коммуналдық қызметтен ажыратылмайды. Алайда бұл ауылдарды өркендету тиімсіз болған соң, оларға қаражат бөлінбейді.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 664 ауыл бар. Былтыр олардың әлеуеті таразыланып, 103 елді-мекеннің болашағы бұлыңғыр деп танылған. Жыл соңына дейін 38 ауылды жабу көзделіп отыр. Қазір онда 153 адам тұрып жатыр

Жанар АХМИЕВА, СҚО ЭКОНОМИКА БАСҚАРМАСЫ АУЫЛДЫҚ АУМАҚТЫ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ауылды жабу жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен ауыл халқы жиналып, дауыс беру керек. Кейін жергілікті билік өкілдері облыс әкімінің аппаратына ауылды жабу жөнінде ұсыныс жасайды. Артынша бұл мәселені облыстық мәслихат қарап, әділет департаментіне жолдайды. Аталған 38 ауыл жыл соңына дейін міндетті түрде жабылады деп айту қиын. Қоғамдық кеңестің тыңдауынан әзірге оның 15-і ғана өткен.

Сөйтіп, жыл соңына дейін 15 ауылды жабу шешілген. Бұдан бөлек, тірлігінің берекесі кеткен әлі 88 елді мекен бар. Көп тұрғынның болашағы бар жерге көшкісі келетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ көбінде артық ақша жоқ екені тағы ақиқат. Ал жергілікті шаруашылықтар олардың барлығын бірдей тегін баспанамен қамтымайтыны анық. Сондықтан болашағы бұлыңғыр ауылдардан көшіруге арнайы қаржы бөлініп, тыңғылықты атқарылмаса, "көшкенде қайда барам" дейтін наразы адамдардың әңгімесі шын болып шығады.

Абзал Құрманкин «Біздің Уақыт»