Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Атырау облысында жаңа автокөлік көпірі іске қосылды

AstanaTV
30.11.2018ж. 20:00
5282
Атырау облысында жаңа автокөлік көпірі іске қосылды

Атырау облысының Махамбет ауданында жаңа автокөпір халық игілігіне берілді. Жайық өзенін кесіп өтетін көпірді бұған дейін қайық және паром арқылы қатынайтын аудан халқы ұзақ күткен болатын. Өйткені, Махамбет ауданын Жайық өзені бөліп жатыр. Жергілікті билік бұл нысан Атырауға ғана емес, көрші облыстармен экономикалық қатынас үшін қолайлы болатынына сенеді.  

Ұзындығы 8 шақырым, енді 10 метр болатын көпір - жаңа технология бойынша салынған Қазақстандағы алғашқы нысан. 180 тоннаға дейінгі салмақты көтеруге қауқарлы. Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» және облыстық «Атырау-Индер» жолдарын жалғап жатыр. Енді Астрахань немесе Орал қаласына жол тартқан жүк көліктері қалаға кірмей, сырт айналып өте алады. «Бұл халықтың қауіпсіз қатынауымен қатар, транспорттық шығындарды азайтуға әрі іскерлік қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді»-деді көпірді ашқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев. 

Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Барлық атыраулықтарың, көрші облыстардың ең күткен оқиғасы. Осы күнді көптен күтті. Бұл енді құрылысшылардың, менің әріптестерімнің, осы көпірді салуға қатысты азаматтардың барлығының бірігіп, нәтижелі, табысты жұмыс жасағанының арқасында іске асқан шара.

Бұған дейін жазда пароммен, қыста мұз үстімен қатынап, жол азабын әбден тартқан халықтың да қуанышында шек жоқ. Жайықтың келесі бетіндегі халық аудандық ауруханаға жету үшін 100 шақырым қашықтықтағы облыс орталығын айналып өтуге мәжбүр болатын. Енді бұл күндер артта қалғанына сене алар емес.  

Гүлжан ШЫРТАНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ОРТАҚШЫЛ ДӘРІГЕРЛІК ЕМХАНАСЫНЫҢ МЕЙІРБИКЕСІ: 

Бұрын науқасты апару бізге қиын болатын өте. Себебі, уақыт кетеді екі ортада, парон күтуге, қайық күтуге. Қазір енді мостпен 10-15 минуттың арасында жетеміз.

Базар ӘМІРОВ, ЗЕЙНЕТКЕР: 

Жайықтан өту Азия бетіне қатынау үлкен бір қиындық еді. Әсіресе, мұздың қату кезінде. Жайықтың түсу кезінде адамдардың барлығы Атыраудың барлығы айналып өтіп келетін еді. Қазір біздің арманымыз орындалып, үлкен қуаныш үстінде тұрмыз.

Көпір тек жағалаудағы ауылдарды ғана емес, өзеннің екі жағында орналасқан 10 селолық округтің 40 мың халқын байланыстырды. Айта кетейік, көпір құрылысы 2014 жылы басталған еді. Оған республикалық және облыстық бюджеттің 9 жарым млрд теңге жұмсалды.  

Б. Нәдірқызы