Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жаңа жылдан бастап тәртіп сақшыларының жалақысы өседі

AstanaTV
07.12.2018ж. 20:00
3400
Жаңа жылдан бастап тәртіп сақшыларының жалақысы өседі

Енді полиция пара алмауы мүмкін. Жаңа жылдан бастап тергеушілердің, қылмыстық атқару жүйесі және патрульді полиция қызметкерлерінің жалақысы өсетін болды. Бұл жайында Сенат алдында Құқық қорғау қызметін модернизациялау бойынша есеп берген еліміздің Ішкі Істер Министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді. Алайда, бұл мақсатқа Ішкі Істер Министрлігі Үкіметтен бір тиын да алмайды екен. Қосымша қаржы түрлі қысқартулардан үнемделетін ақшадан түспекші. Мысалы, алдағы жылы бір қаттар қызметтер мүлде жабылуы мүмкін. Атап айтсақ, мемлекеттік мекемелерді күзетуді бұдан былай коммерциялық фирмалар атқаратын болады. Сондай-ақ, министрліктің өзінде және оның өңірлік комитеттеріндегі 450 басшылық лауазым жойылмақшы. «Сонда ғана дамыған елдердегі сияқты 100 мың тұрғынға шамамен 373 тәртіп сақшысынан келетін болады»-деді министр. Бұл шаралардың арқасында үнемделетін 16 миллиард теңге қатардағы тәртіп сақшыларының жалақысын өсіруге мүмкіндік бермек.     

Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:  

Жаңа жылдан бастап патрульді полиция қызметкерлерінің жалақысы 65 пайызға, тергеушілер мен анықтаушылардың айлығы 55 пайызға, учаскелік инспекторлардың табысы 25 пайызға өседі. Одан тыс қылмыстық атқару жүйесі мамандары мен өзге де тәртіп сақшыларының айлығын 20 пайызға көтеруді көздеп отырмыз.

Алайда, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ішкі істер Министріне тәртіп сақшыларының санын қысқартқанда Қазақстанның геосаяси тұрғыда өте қауіпті жерде орналасқандығын ескеру керектігін айтты. «Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуді де ойлау қажет»- деді төраға.  

Г. Тасболатқызы