Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Эйр Астана» ұшақтарда орын алған үш оқиғаға қатысты түсініктеме берді

AstanaTV
13.03.2017ж. 20:00
2869
«Эйр Астана» ұшақтарда орын алған үш оқиғаға қатысты түсініктеме берді

«Эйр Астана» компаниясына тиесілі ұшақтардың шұғыл жағдайда қонуы - кездейсоқтық. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз отырысында әуе компаниясының аға менеджері Сергей Макаренко айтты. Оның сөзінше, үш бірдей апатты жағдайдың тіркелуінің өзара байланысы жоқ. Бұлардың барлығы авиациялық техниканың істен шығуына қатысты орын алған. Ұшқыштардан қандай да бір кемшілік кеткені туралы дерек табылмады. Ақаудың шығу себептерін егжей-тегжейлі  анықтау үшін комиссия құрылды. Бүгінде апатты жағдайда қонған үш ұшақтың да агрегаттары ауыстырылып, пайдалануға жарамды деп танылды. Жалпы, өткен жылы компанияда осыған ұқсас 35 жағдай тіркелген. Оның  31-де құстардың соқтығысуы ұшақтарға қауіп төндірген.

Сергей Макаренко, «AIR ASTANA» АҚ аға менеджері:


Бұл жағдай шынымен де кездейсоқтық. Неге? Өйткені үш ұшақта да - авиациялық техника істен шықты. Үшеуіне де сыртқы атмосфералық электр қуатының әсері болған. Яғни найзағай соққан. Бұны біз алдын-ала болжай алмаймыз. Бірақ соған қарамастан, ұшақтар пайдалануға жарамды деп табылды.

Еске салайық, соңғы бір аптада «Эйр Астана» компаниясының ұшақтарына қатысты үш бірдей оқыс жағдай орын алды. 5 наурызда әуе компаниясының Алматы-Орал бағытына ұшып шыққан ұшағы апат белгісін беріп, экипаж шұғыл түрде Ақтөбе әуежайына қонуға шешім қабылдаған. Ізінше Астана-Алматы бағытына қатынайтын әуе рейсі двигателінің бірі істен шықты. Ал 8 наурызда Алматы-Атырау ұшағы бортындағы жабдықта ақау пайда болған еді.