Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Мұғалім – мұғалім! Ол көше сыпырушы емес!

AstanaTV
15.12.2018ж. 20:00
6098
Мұғалім – мұғалім! Ол көше сыпырушы емес!

Білім министрлігі «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын алдағы жылы Парламентке ұсынуы керек. Тұжырымдамасын шығарды. Мәселе қандай заң қабылданатында!«Қалаған мамандығым болды, бірақ көзіміз, құлағымыз, денсаулығымыз бәрі «шаршап» тұр. Зейнет жасы болса ұзарып барады, шаршап жүрген мұғалім қалай сапалы білім береді?» - мұғалімдердің әлеуметтік желілерде осы сияқты қалдырып жатқан жазбаларын оқысаңыз, проблеманың көп, өте көп екені айғақтала түседі. Зейнетке ертерек шығу армандары қайдам, орындала қоймайтын шығар, дегенмен оларды міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту – көше сыпырту, үй аралату, газетке жазылту сияқты жексұрын әдеттер тыйыла ма? Мектептерді әкімдіктердің қарамағынан шығарып, тікелей профильді министрлікке қаратпаса ешнәрсе өзгермейді деп жатқандар бар. «Әкімдіктер тегін пәтер мен көлік бермей-ақ қойсын, одан да еңбегімізді лайықты бағалап, жақсы жалақы төлесін, әйтпесе құлдық формат тереңдей береді», - дейді олар. Біз шымкенттік Гүлжан Сәлімбаеваның мектеп директорымен соттасқанын бірнеше рет бердік, есіңізде ме?! № 38 Нұртас Оңдасынов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлжан Сәлімбаева былтыр көктемде сенбі, сабағы жоқ күні мектеп басшылығының міндетіне жатпайтын жұмысқа шақырғанын, бармай қойғасын, бармай қойғанда, анасы ауырып, ауыл жаққа кеткен, әбден ұрыс естігенін айтып, жан да, тән де азабына түскенін дәлелдегісі келген. Болмады. Дегенмен өз мектебінде сеңді қозғады. Әйтеуір, көктемде берген сұхбатында «үй аралау» тапсырмасының сап тыйылғанын айтқан.  

Гүлжан СӘЛІМБАЕВА, № 38 НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ:

21.04.2018 ж.

Септігі тиді деп ойлаймын. Өйткені басқа, іштегі менің қатардағы әріптестерім барлығы қуанып, «Егер сен болмағанда біз тағы аралайтын ба едік?!» - деп өздерінің үй аралау тұрғындардың тізімін ә, тұрғындардың тізімін емес, ол жерде баланы есепке алу, биыл оны да біз атқарған жоқпыз. Мүмкін сенің арқаң болар деп маған өздерінің алғыстарын айтып жатыр.

Қадір, құрмет, мәртебені былай қойғанда құқығым тапталды, деген Сандұғаш Есперова 11 жыл бойы Қызылордадағы құрылыс және бизнес колледжінде көркемөнерпаздар жетекшісі қызметін атқарып келген. Өзінің айтуынша, жұмыс орны-білім беру шаңырағы болғандықтан статусы ұстазға теңестіріліп, екінші категорияны қорғап шыққан. 2017 жылдың қаңтар айында, яғни оқу жылының тап ортасында колледж директоры шақырып алып, штаттың қысқаратынын жеткізіпті. Көп ұзамай колледждегі жалғыз музыкант жұмыссыздар қатарын толтырады.  

Сандуғаш ЕСПЕРОВА: 

Менен кейін қаншама адам алып жатыр. Бірін шығарады, бірін кіргізеді. Сонда бұл проходной двор емес шығар біздің колледжіміз? Кімді алғысы келеді соны алып, шығарғысы келеді, шығарады. Мен облооноға бардым ғой. Облоно: ешқандай қысқарту келген жоқ деді бізге. Сотқа бер дейді. Сотқа да беремін. Ізденіп жатырмыз. Еңбек қорғауға жаздық, бақылауға жаздық. Әлде де іздене береміз, шешімі табылмаса, егер.

Облыстық білім басқармасының лауазымды өкілі болса бұл колледж басшысына басқа кемшіліктер бойынша тәртіптік жаза осы жылдың күз айларында қолданылғанын айтады.  

Жасұлан ШЫНТАСОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Мемлекеттік істер агенттігі тарапынан тексерудің қорытындысымен бұл кісіге қызмет барысында кеткен кемшіліктері үшін ескерту жөніндегі тәртіптік жазасы бар. Сол оқу процесіндегі жіберген кемшіліктері деп бізде көрсетілген.

Дегенмен басшы орнында, ал қарапайым ұстаз болса әділдікті енді тек сот арқылы іздейді. Бұл бір ғана мысал. Үндемей қалып жатқандары қаншама. 

Шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы болса, мұғалім алдымен өз құқықтарына қатысты заңдарды жақсы білгені дұрыс деген пікірде. Соңда ешкім таптай алмайды, дейді.  

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, АРДАГЕР ҰСТАЗ:

Егер мұғалім өз құқығын білсе тістесіп тұрып алуға болады, қарсыласуға. Бұл жерде мен мұғалімді де ақтамаймын. Көп жағдайда мұғалімнің өзінен де бар... неге ол құқығын таптатып, неге оған біреу айқайлауы керек? Жоғары білімді адамның өз құқығын қорғай алмауы түсініксіз жағдай емес пе.

Жоғары мәртебелі ұстаз... Аса құрметті мұғалім... Осындай атаққа ие болу әрбір ұстаздың мақсаты. Барлық оқу, даму сатыларынан өтіп, ондай дәрежеге қол жеткізу бүгінгі күні - мүмкін. Тек қолдан жасаған кедергілер болмаса. "Заңды білсе, құқығын таптай алмайды" дегенмен, қарапайым ұстаздың көбінің еңсесін көтере алмайтыны шын. Оны бәрі біледі. Бірақ тек зейнетке шыққан мұғалімдер ашық айта алады. Дәл осы категорияда 39 жыл еңбек өтілі бар Қанайым Қазанғапова мұғалімді мәртебесіз ететін себептерді атап өтті.

Қанайым ҚАЗАНҒАПОВА, ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ:

Ол уақытының барлығын жаңағы концерттерге барумен, бір керексіз жиналыстарғы барумен, соңымен өткізіп алған кезде мұғалімге де қиын болады, балаға да қиын болады. Баспаға жазылу: алдын-ала мынаған, мынаған, мынаған жазыл деп айту, ол дұрыс емес деп ойлаймын. Өзіне керекті нәрсені алсын. Амалсыздан алып жатады ғой сол газеттерді, шынын айтқанда.

Келесі жылы қабылдануы тиіс «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасына қатысты да пікір сайысы басталды. Әр аймақта білім беру саласының өкілдері ғана емес, қоғам болып қызу пікір білдіріп жатыр. Сыр бойы халқының түйіп-жазған ұсыныс жинақтамасына көз салсақ:  

1/ Мұғалімдер жүктемесін төмендету (жоғары сынып-16 сағат, бастауыш-14 сағат), жаратылыстану-математика бағытындағы пәндердің сағат жүктемесі көбейтілсе.

2/Бала тәрбиесіне алдымен ата-ана жауапты, сапалы білім беруге мұғалім, мектеп жарғысын орындауға оқушы міндетті деп әрқайсысының рөлі ашық сараланып жазылса. 3/ Сынып жетекшілерінің жалақысын көтеріп, жауапкершілігін арттыру.

4/Сыныптағы оқушылар санын 25 оқушыдан асырмауын «Педагог мәртебесі» заңы шеңберінде қараса.

5/ Мұғалімдерді педагогикалық, шығармашылық жұмыстармен айналысып, оқушыларды қосымша дайындау бағытындағы жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін сенбіліктерден, жиналыстарда залды толтырудан, қажетсіз қосымша жұмыстардан босатылса.

6/Мұғалімдердің жазғы демалысында шипажайларға жолдамалар 50% кем емес жеңілдікпен берілсе.    

Оралдық зейнеткер-ұстаз Дәметкен Баенова мектеп директорларының билігін шектеуді, оларға қойылатын кәсіби біліктілік талаптары туралы ережені қайта қарауды, бір сөзбен айтқанда, мектеп директоры қызметіне тамыр-таныстықпен, парамен кездейсоқ, біліксіз адамдардың келуіне жол бермеуді қозғаған.  

Осы ойды тарқатқан Өмір Шыныбекұлы мұғалім мәртебесін көтеру үшін білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындыру керек деген пікірде. Педагогтың ойынша, жергілікті әкімдіктердің басқаруынан шығару арқылы мұғалімдерді қит етсе көше сыпыртып, сайлау кезінде үй аралату, көрерменді көбейту үшін түрлі жиындарға мәжбүрлеп қатыстыру сынды жексұрын әдеттен құтқарар едік.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, АРДАГЕР ҰСТАЗ:

Енді ол әкімдік тағайындаған адам. Әкімдік кімді тағайындады, оның мінез-құлқына, болмысына назар аударды ма, міне сол жерден бастау керек. Ол кезде егер директорлар қатты қазсақ, айналып келгенде тағы әкімдікке барып шығамыз. Ал ол мысалы, директорларды тағайындайтын комиссияда қоғамдық құрылымдар бар дейді. Бірақ оның бәрі әкімдікке тәуелді қоғамдық құрылымдар.   

Жүйкені тоздырып, ішті қыздырып отырған, қарапайым ұстаз қауымын мазалайтын тағы бір мәселе - зейнеткерлік жастың ұлғайтылуы.

Қанайым ҚАЗАНҒАПОВА, ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ:

Мен, мысалы, 58 жасымда шықтым. Тура дұрыс шыққан екенмін деп ойлаймын. Дәл осы кезде мен 60 жастан асып ол жұмыстарды істей алмас едім, шаршайсың. Ал өзі өте шаршап тұрған адам, сапалы білім береді деп айта алмаймын. Денсаулығын дұрыстауға да, емделуге де уақыты жоқ. Осыған мұғалімдер өзінің ұсынысын айтып жатыр. Өте дұрыс айтып жатыр.

Таусылып қала беретін ақ қағаз, әдістемелік құралдар сатып алуға қосымша төлемақы қарастыру енгізілсе. Ұстаздар қауымының айтары көп. Өте көп. Ұсыныстардың басым көбі маңызды. Дегенмен бірінші кезекте құл сияқты жұмысқа жегу тәрізді бассыздықтардың тыйылуын бүкіл қоғам күтіп отыр.

Шарипа Сақтапова, Айзада Төребекқызы, Қайрат Рабаев, Серік Таласов «Біздің уақыт»