Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Қазақстанда әрекетке қабілетсіз адамдарға клиникалық сынақ жүргізілмек

AstanaTV
11.01.2019ж. 20:00
3750
Қазақстанда әрекетке қабілетсіз адамдарға клиникалық сынақ жүргізілмек

Бұдан былай дәрі-дәрмекті әрекет етуге қабілетсіз адамдарға сынап көрмек. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі «Клиникалық зерттеу» туралы заң жобасына кіргізген. Мәселеге қатысты қоғамның пікірі екіге бөлінді. Ал, дәрігерлер препаратқа сынақ жүргізілмесе, медицина тұралап қалады деп алаңдайды. Тараптарды тыңдаған тілші бейнематериалы.  

Сегіз жасар Мұхамедәлі туа бітті дертке шалдыққан. Түрлі ем алғанымен шипасы болмапты. Науқас немересін бауырына басқан әжесі дертін емдейтін дәрі табылады деп сенеді. Тіпті клиникалық зерттеуге қатысуға да дайын.  

Сағира БАЙМАҒАМБЕТОВА, БАЛАНЫҢ ӘЖЕСІ:  

Мен әжесі ретінде келісемін эксперимент жүргізуге. Өйткені, ғалымдардың шығарған дәрілері зиян келтірмес деп ойлаймын. Баламның жақсы болуы үшін, толық емделіп шығуы үшін мен бәріне де барамын. Неге десеңіз, өйткені келешекте өсетін бала. Мүмкін, осыдан тәуір болып кетер.

Қазір Қазақстанда Мұхаммедәлі секілді психиатриялық есепте тұрған 200 мың адам бар. Есептегі 130 бала мына орталықта. Оларға әке болып отырған қамқоршы Серік Бөпежанов ақыл-есі кем балаларға сынақ өткізуге түбегейлі қарсы. Өйткені, дәрінің қауіпсіз боларына сенбейді.  

Серік БӨПЕЖАНОВ, «НҰРЛЫ ЖҮРЕК» ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Ол балалардың қамқоршысы - мен. Әкесі де, анасы да мен. Сондықтан, бұл балаларға клиникалық зерттеу жүргізуге қарсымын. Дәрі-дәрмекті тексерістен өткізудің әлемдік тәртібі бар. Ол бойынша препараттарды өз құқығын қорғай алмайтын адамдарға ешқашан қолдануға рұқсат берілген емес. Мұндай жағдайда оларды қамқорлыққа алған адам жауапты. Соңына келгенде оларды мемлекет қорғауы қажет емес пе?!

Ал, заңгер Айгүл Шәкібаева өз құқын қорғай алмайтын азаматтар үшін мамандар тобын құруды ұсынып отыр. Олар әлеуметтік, мединикалық, құқықтық тұрғыда кеңес беріп, дұрыс шешім қабылдауға көмектесуі тиіс деп санайды.    

Айгүл ШӘКІБАЕВА, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ЗАҢГЕРІ:  

Адамның психикалық әлсіздігі оның құқықтық мәртебесін төмендетпеуі қажет. БҰҰ-ның конвенциясында барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың өз құқығы бар, әрекетке қабілетті деп көрсетілген. Олар сынаққа қатыса алады. Бірақ, баланың бір емес бірнеше қамқоршысы болу қажет. Олар адамың өзі қалаған шешімді қабылдауына жәрдемдеседі.

Қауіп бар, бірақ клиникалық зерттеу жүргізбей аурудың емі табылмайды. Заң жобасын дайындаған жұмыс тобы осылай деп отыр. Өйткені, еуропалықтардың генетикасы біздікіне сай емес. «Елде осал топтағы адамдарға дәріні сынау сол үшін керек»-дейді.  

Талғат НҰРҒОЖИН, ЗАҢ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Қауіп төніп жатқан уақытта клиникалық зерттеу тоқталады. Бұған толығымен аланиз жасалады. Талқылау жасалынады. Соның арқасында адамның зардап шеккен-шекпегенін анықтаймыз. Бұл түгелдей бақылауда болады. Ол бақылау заң жүзінде толығымен қаралған.

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:  

Дәрігерлер тәжірибе тәуекелді қажет еткенмен, онсыз медицинада даму болмайтынын айтады. Заң жобасы елде мақұлданды. Ал, психиатриялық ауруға шалдыққандар көбейіп бара ма? Мұндай аурудың туындауына не себеп? Тақырыпты толығырақ сенбі «Біздің уақыт» сараптамалық бағдарламасында тарқататын боламын.

А. Бектас