Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ауылдық емшіге қаралған зейнеткер ауруханаға түсті

AstanaTV
11.01.2019ж. 20:00
6204
Ауылдық емшіге қаралған зейнеткер ауруханаға түсті

Ақтауда ауылдық емшіге қаралған зейнеткер ауруханадан бір-ақ шықты. 85 жастағы Зүбайда Дүйсекешова аяғын сындырып алған. Ауылда білікті дәрігер болмаған соң, емшінің көмегіне жүгінеді. Сынықшы аяғына тақтай таңып, үйіне қайтарған. Қазір ауруы асқынған зейнеткер: «Аяғымнан айырылып қала жаздадым»,- деп наразы.  

Ақшымырау ауылының тұрғыны Зүбайда Дүйсекешова байқаусызда құлап, аяғын сындырған. 5 күн бойы қараған ақ халаттылар шарасыздық танытқан соң, емшіге барады. Алайда, аяғын таңып, үйіне қайтарған зейнеткердің ауруы асқынып кеткен.  

Зүбайда ДҮЙСЕКЕШОВА, АҚШЫМЫРАУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осы оң жақ аяғым ауыра берді. Балаларға айттым «ауыра береді» деп. Балам ауылдың бір сынықшысын алып келді. Ол шыбығы тайып кетіпті деді. Содан кейін таңып беріп, өзім қарап тұрамын деп кетті. Ол таңған соң бұрынғыдан да жаман болды. Содан врачқа келдім.

Аудандық аурухана ауылдан 130 шақырым жерде. Ал, Ақшымырауда тек шағын амбулатория ғана бар. Зейнеткер білікті дәрігер болмаған соң сынықшыға сенгеннен басқа амалым болмады деп отыр. Алты күн қабылдаған емі дертіне дауа болмады. Кейін дәрігерлер жамбастың төменгі сүйегі сынғанын анықтаған. Ал, емші таңған тақтайдан ашық жара пайда болыпты.   

Есет ШАХАТБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Науқастың жарақаты асқынған. Ертерек ауруханаға келгенде ашық жара пайда болмайды. Ота мен ем-шараларын жасау да жеңіл болар еді. Енді ота жасау қиынға соғады. Тіпті, жарақаттың жазылуы да ұзаққа созылмақ.

Ауылдық амбулаторияда білікті дәрігер жоқтығын денсаулық сақтау басқармасы растамай отыр. Тұрғындар емшіге дәрісіз шипа іздеп барады дейді.  

Азамат СӘРСЕНБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Адамдар облыстық ауруханаға дәрігерлерден қорыққан соң бармайды. Оларға жақын жердегі емшіге қарала салу жеңіл. Бұл - психологиялық фактор. Тұрғындар халықтық емшінің ешқандай препаратсыз ем беретініне сенеді.

Әр еміне 2000 теңгеден төлеген зейнеткер емшіні сотқа бергісі жоқ. Асқынған ауруды ақ халаттылар жазады деп үмітті.  

А. Бектас