Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбедегі жалғыз қоқыс сұрыптау кешені банкрот болуы мүмкін

AstanaTV
21.01.2019ж. 20:00
4355
Ақтөбедегі жалғыз қоқыс сұрыптау кешені банкрот болуы мүмкін

Ақтөбеде жалғыз қоқыс сұрыптау кешені банкрот болу алдында тұр. 2017 жылы дүрілдеп ашылған мемекенің қарызы қордаланып, жұмысы тоқтаған. Енді олар тығырықтан шығу үшін Үкіметтен қолдау сұрап отыр. Олай болмаса, сұрыптау үшін бөлек ақы алып не қоқысты ақшаға қабылдамақ ниетте.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Осыдан екі жыл бұрын ашылған бұл қоқыс өңдейтін кешен Ақтөбе қаласының қоқысқа қатысты барлық мәселесін түбегейлі шешуі тиіс болатын. Бірақ, үш айдан бері бұл жерде жұмыс тоқтаған. Мекеменің өзі банкрот болудың алдында.

Кешен ашылғанда екі ауысыммен 70 адам жұмыспен қамтылды. Олар жетпіс мың теңгеден жалақы алып отырған. Жоба бойынша мұнда жылына 200 мың тонна қоқысты сұрыптау жоспарланған. Зауыт пластик, әйнек, металл мен макулатура сұрыптап келді. Бірақ, қазір жұмыс тоқтап, қоқысқа толып тұр. Мекеме қарызға белшеден бастқан. Жарықтан бөлек, қоқыс өңдейтін құрылғыларды алған несиелері тағы бар. Бұған дейін олар сұрыпталған қоқысты Ресейдің зауыттарына тапсырып келген. Ал, отандық зауыттарға тасу тиімсіз болыпты. Жалғыз қоқыс сұрыптайтын кешенді мемлекеттік дотация тақырға отырудан құтқарар еді дейді кәсіпкер. Бірақ, оның айтуынша, мемлекет тек дайын өнім өндіретін зауыттарды қаржыландырады.  

Алтынбек ҚАЗАНТАЕВ, «СОЮЗ ГРАНТ» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Олар өңдеу мен сұрыптауға дотация берсе деп едік. Бірақ, бізде қазір тек дайын өнім қаржыландырылады. Біздің үлкен өтінішіміз бізді қазір қолдап жіберсе, кейін біз құрылғылар сатып алып өзіміз барлығын өңдеуші едік.

Ал, «Оператор РОП» компаниясының өкілдері бұған дейін бұл мекеме қаржыландырылып келгенін айтады.  

Сергей ЮРЧА, «ОПЕРАТОР РОП» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Бұл мекемемен 2017 жылы келісім-шарт болды. Біз оларды алты миллион теңгеге қаржыландырдық. Ал, 2018 жылы олар өз еріктерімен біздің тендерлерге қатыспады. Тіпті, тапсырысқа қатысуға да өтініш білдірмеді.

Ақтөбе қаласынан күніне 200 тоннадан астам қоқыс шығарылады. Бірақ, бұл жерде тек оның 15 пайызы ғана сұрыпталады. Сондықтан пайдаға кеңелуде оңай болмай тұр. Кешен басшылығы түбіртектегі қоқыс шығару тарифына сұрыптауды да қосуды сұрап әкімдікке жүгінген. Оның тарапынан әр адам сұрыптау үшін 20 теңге төлесе деген ұсыныс болған.  

Жаннат ҚУАНЫШЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Бізге мұндай ұсыныс жылдың соңында түсті. Бірақ, біз олардан қағаз жүзінде оған қатысты нақты есептерін беруді сұратып отырмыз. Кейін бұл мәселе қалалық мәслихатта қаралатын болады. Тек сосын ғана шешім қабылданбақ.

Қазіргі таңда қала полигонында 2 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып тұр. Тығырықтан шығу үшін қоқыс сұрыптау кешені басшылығы енді қала көшелеріне ақылы қоқыс қабылдау орындарын ашпақ. Онда әйнек, макулатура, пластик пен басқа да қоқыстар ақшаға қабылданатын болады.  

Б. Рахметова