Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ошақ пен пеш... Бес бала өртеніп кеткеннен кейінгі пайым

AstanaTV
09.02.2019ж. 20:00
5221
Ошақ пен пеш... Бес бала өртеніп кеткеннен кейінгі пайым

Ошақ пен пеш. Туған үйдің түтіні және ыс. Бұл сөздер, әсіресе, алдыңғылары синоним секілді. Алайда «ошақ» құндылықты, «пеш» күйбің тіршілікті бейнелейді. Қалалардың қуыс-қуысында қуықтай күркелерде тіршілік қылып жатқан көп балалы отбасылар да Оралхан Бөкей айтпақшы «Өз отын өшіргісі келмейді». Бірақ үмітпен өмір сүрсе де, терең бойлауға мұршасы жоқ, мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ондай романды білмейді. Ондай ұғымды қиял көреді... Бір үйдің бес баласын жалмаған Астанадағы өрт қоғамның жанын өртеді. Салғырттық пен жауапсыздықты ата-ана емес, әркім өзіне – оған бірінші кезекте ақындардың арнаулары дәлел, сосын билікке тіреді. Тарихи бағаны тым ерте беріп жүрген, сөйтіп асыра сілтеп жүрген талантты ақындардың өзі үндемей қалмады... Әлеуметтік саясат, урбанизация мәселесіне жаңа көзқарас керектігі айқын көрінді. Ережелердің өзгерте алмайтын құндылық еместігін ұғынған адамдар бәрінен құнды Адам, адам өмірі екені айқын байқалатын қарым-қатынас құруға ашу-ызаға берілмей, қалшылдап, дірілдемей дайын екендерін айтып отыр. Екінші тарап мелшиіп отыруға болмайтынын түсінетіндей ме?... Данияр Қайыртайдың материалы.   

Қазақ «Аталатсаң аталат, боталата көрме» деп тілейді. Бірақ бұйрық бәрібір Алладан. Апта басында Астананың Көктал шағын ауданында болған қайғылы жағдай мұқым елдің қабырғасын қайыстырды. Жанымгүл мен Евгений Ситерлер «боталап» қалды. Қуықтай ғана уақытша тұрақта шырт ұйқыда жатқанбес баланың өмірінөрт шарпыды. Президент көңіл айтты. Қала басшысы жан-жақты қолдау білдірді. Ал мешіт жамағаты баспана алып беру үшін жылу жинады.

Мақсатбек ҚАЙЫРҒАЛИЕВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ ҰСТАЗЫ:

Әзірет Сұлтан мешітінде 14 миллиондай ақша жиналып, сол отбасымен ақылдасып, сол отбасыға сол жиналған ақшаға, иншалла, пәтер алып берейін деп жатырмыз. Комиссияның міндеті жиналған қаржыны әрі қарай басқару болып табылады. Олардың құзіретіне осы отбасыға пәтерді таңдап, оларға көрсетіп, құжаттарын рәсімдеп тапсыру болып табылады.

Бұл оқиғадан кейін халықтың кірісін ұлғайтып, тұрмысын жақсарту жөніндегі Үкіметте жұмыс тобы құрылған. Оны вице-премьер Е.Досаев басқарады. Құрамында «Нұр Отан» партиясының, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктері, жергілікті атқару билік өкілдері бар. 2 айда олар кешенді іс-шаралар тізімін дайындаулары керек. Жұмыс тобына үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар өкілдерін де тартады. Расында әлеуметтік саясатқа байланысты көп проблеманың ұшы шықты. Шымкентте 12 баласымен пәтерден-пәтерге тентіреп жүрген отбасы бар. 34 жастағы Айсұлу Жәлелқызы Астанадағы жағдайды естіп, қатты қамығып отыр. Өзінің де жағдайы мәз емес. Бұрын мемлекеттен жәрдемақы алушы еді, жарты жылдан бері одан да қағылыпты. Соттың шешімімен есепшоты бұғатталған екен. Кәмелетке толмаған балаларын жұмысқа салғаны үшін. 

Айсұлу ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

Дәл қазір нан табуды әрі қарай ойланып жатырмын, не істеймін білмеймін. 12 балама, 12 демей-ақ қояйын, 10 балаға нан тауып беруім керек. Тамақ жегізуім керек. Кішкентайым сүт ішеді, нан жейді дегендей. Сабағы бар дегендей. Жол бар. Одан кейін балаларымның жартысы міне, көріп отырсыздар жоқ. Сол неліктен жоқ? Пәтер берушілер алмайды. Мен оны бір жерге орналастырып қойғам. Оның атын атамай-ақ қояйын.

Айсұлудың өзі әке-шешесінен ерте айрылған. Содан оқудан мақұрым қалыпты. Жазу-сызуды білмейді. Сондықтан жұмыс табу да қиын. Оның үстіне балалары кішкентай. Кенжесі бірге енді толған екен. Оларды қараусыз қалдырудан қауіптенем деп отыр. 

Айсұлу ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, КӨП БАЛАЛЫ АНА: 

Кешегі уақиғаны көріп жатырмын бес баласымен, сөйтіп тастап кетсем 12 баламнан айрылып қалсам, не істеймін мен? Білмеймін, жынды болып кетемін мен. Аналарды көріп жүрегім ауырып кетті.

Көп балалы ана жәрдемақыны көбейтуді сұрайды. Ал қалталы азаматтар баспана мәселесін шешіп бере ме, деп үміттенеді. Қоғам белсендісі Айдар Махметов көпбалалы аналар жұмыс іздемеуі керек, істемеуі де керек деп отыр. Ол баланы өсіріп, тәрбиелеумен ғана айналысуға тиіс. Яғни көп балалы ана деген – мамандық іспеттес саналуы қажет. Оған тиісінше киім-кешек пен ішіп-жемге жеткілікті жәрдемақы төленуі керек деп есептейді. Әлеуметтік желіде осы секілді түрлі ұсыныстар айтылған. Соның бір парасына назар аударсақ.  

Ерлан САЙЫРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

ҚР әлеуметтік-демографиялық бағдарлама дайындап, қабылдау керек. Халықпен ақылдаса отырып. Бағдарламада ана мен баланы қорғап, қамқорлық көрсетудің дүниежүзілік стандарт бойынша барлық аспектілері қамтылуы шарт... Балалар мен аналарды қорғауға миллиардтаған теңге жұмсауға тиіспіз.

Аружан САИН, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

...Иә, кейде не істеріңді білмейсің.Адамдардың қайғысын, балалардың ауырғанын көрмек тұрмақ... Балаларымызға қатысты проблемаларды шешу жолында біз қарсылыққа, интрига, тойтарысқа тап боламыз, ондай жүйеге қарсы жүру қиын. Дегенмен адамдар не істеу керек? Біз әділетті елде тұрғымыз келеді. Дәл қазір болмаса да, біздің балаларымыз өмір сүруге, денсаулыққа, дамуға, өзін дамытуға құқық беретін, бәрі реттелген мемлекетте тірішілік етулері керек. Мен балаларымның мыңдаған шақырым қашықтықтағы басқа елдерде тұрғанын қаламаймын. Мен олардың осында, Қазақстанда тұрғанын қалаймын.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

...Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды.

Мәулен Әшімбаев осы бағытта нақты ұсыныстар әзірленіп жатқанын және партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі Кеңес құрылғанын қоса айтты. Оның жұмысына бүкіл қоғамды атсалысуға шақырды. Ал саясаттанушы Айдос Сарым проблеманың бұр ұшы жабайы урбанизацияға келіп тірелетінін жазды.

Айдос САРЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:

Неге бұл оқиға адамдарды дүр еткізді? Менің ойымша, бұл жабайы урбанизациямен байланысты. Қалаларға көшіп жатқан ауыл азаматтарының әлеуметтік тұрғыдан өз орындарын таба алмауында...

Басқа қалалар былай тұрсын, Елордада «времянка» аталатын үйшіктер көп қой. Оларда кім тұрады? Ауыл-аймақтардан келгендер. Не үшін келді? Нәпақа табу үшін...

Еркін ОТАРҒАЛЫМҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Тұрғындар көп жағдайда саяжайларда тұрады. Времянка дейміз, уақытша жайларда тұрады. Шын мәнісінде, аталған тұрғын мекендер қыс уақытында тұруға бейімделмеген. Себебі олардың электр жүйесі, көптеген ақаулармен пайдаланылады. Сонымен қатар жылыту жүйелерін, пештер дейміз, пештер салған кезде ең бастысы қауіпсіздік ережелеріне мән бермей пайдаланады. Сол себепті өрт фактілері тіркеліп жатады.

Жылыту маусымы басталғалы бері елде 2 жарым мыңнан астам өрт фактісі тіркеліпті. Бәрі де жеке тұрғын-үй секторында болған. Одан 116 адам мерт болса, тағы да жүзден көбі түрлі деңгейде жарақат алған. Ал өрттердің шығуына себеп не?

Еркін ОТАРҒАЛЫМҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Негізгі себептері екі жайт бар. Бұл, біріншіден, мұржаның төбе жабындылары арқылы, потолочное перекрытие дейміз, сол жерден өткен кезде ол жерде өртке қарсы аралық болуы керек. Көп жағдайларда осы «времянкаларда» осы қағидалар сақталмаған. Екінші жайт – бұл пештің орнатылуы кезінде жанғыш қабырғалардан ара қашықтық тағы сақталуы керек. Ол 30 см-ден кем болмауы керек. Тағы да көп жағдайда орын алатын жайт – осы жылыту пеш жаққан кезде, оның үстіне отын кептіреміз, киім кептіреміз, бұл да өз кезегінде өрт қауіпсіздігін бұзушылық болып табылады.

Үйшіктерді жалға беретіндер де жауапкершілік жүгін сезінулері керек. Түптеп келгенде тегін беріп отырған жоқ. Қауіпсіздік шаралары сақталуына олардың өздері мүдделі болатындай талап қойылуы тиіс сияқты. Иә, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғара жазғандай, сақылдаған сары аязда төтенше жағдайлар қызметі талап ететін техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі кейінгі орындарға сырғып түседі. Себебі пеш гүрілдеп жанып тұрмаса қатасың да қаласың... Жалпы, дәл осы оқиғадан кейін «тоңып» жүрген адамдардың, оның ішінде көп балалы аналардың қордаланған мәселелерін шешуге білек сыбанып кірісетін уақыт туғанын барлық тарап ұққан тәрізді. Әлеуметтік саясатқа байланысты қозғалыс байқалады...

Данияр Қайыртай, Айзада Төребекқызы «Біздің уақыт»