Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Бәрін сатып жіберу». Ойынқұмарлық дерті

AstanaTV
09.02.2019ж. 20:00
6336
«Бәрін сатып жіберу». Ойынқұмарлық дерті

 Жақында «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде 350 мың адам құмар ойындардың құлы деген айтылды. 18-ақ миллион азаматы бар мемлекет үшін бұл сұмдық дерек. Саясаттанушы Талғат Қалиев бір букмекерлік кеңсенің бір жылдық ақша айналымы 200-250 млрд теңгені құрайды, әрине, бұл ресми мәлімет емес, деді. Жиналғандардың есебінше заңды қатайту керек. Букмекерлерге спорттық жарыстардан басқасына ақша қабылдауға тыйым салса, ойын бизнесінің ақша айналымын қадағалауға да мүмкіндік туады. Қазақстан ойын бизнесі қауымдастығы атқарушы директорының өзі: «Сайттарды бұғаттау тәртібін жеңілдету керек. Өйткені бүгінде бір интернет-ресурсты жабу үшін екі ай қажет. Ал бір күнде онлайн-казиноның отызын ашуға болады. Сондай-ақ, ойын бизнесін жарнамалауға шектеу енгізген жөн», - дейді.

«Нұр Отан» жиынына Жанар есімді әйел қатысқан. Ойынқұмар баласынан шаршаған ананың көздерінде от жоқ. «Еліміздің жастары ойын клубтарына емес, спорт клубтарына барса ғой», - деді қажыған түрмен. 

Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығында 7841 адам есепте тұрады. Арасында құмар ойындардың құлы болғандар бар. Былтыр үш адам емделген. Олар өздерін аурумыз деп есептемейді. Ал ойынқұмарлықты ДДСҰ аурулар тізіміне енгізген. Емделген пациенттің бірі үйін, көлігін ұтқызған, бірнеше рет несие алған. Инженерлік жұмысынан айрылған. Үш баласы бар әке соңында өзін өзі өлтіргісі келген.

Гүлмира ОРАЗОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жаңағы пациент көлігін салған. Содан кейін ақша болмаған соң қарыз алған. Кредит алған. Кредитті төлей алмаған. Үйін салып кредит алған. Отбасынан айырылады. Жұмысынан айырылады. Тума туыстардан айырылады. Депрессияға шалдығады. Түнімен ұйықтамаған соң суицид, неше түрлі ойы болады. Содан кейін қорқып, тумалары әкелген бізге екі науқасты. 

Шымкенттік Бекболат та ойыннан шыға алмай қалған. Ата-анасын, туыстарын жүнжітіп жібергені сонша, оны тәуіп-емшілерге дейін апарған. Болмаған. Содан әскерге баруын сұрайды. Құдай оңдағанда армия оң ықпал еткен. 29 -ға қараған Бекболаттың өзі былай дейді:

Бекболат, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өзім де қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым. Күннен күнге қалтамда ақша қалмады. Ұтыла бердім... ұтыла бердім. Кейін көп қарыз шықты. Одан құтыласың, кейін қайта ақша тапсаң қайтадан ойнайсың... «Кено» аппараттар. Ақшаны саласың, майдалап жеп қояды. Кейін қайтадан шығарып аласың. Сөйтіп алданып жүре берсің. Әр тіккенімде 500-600 мың теңгедей тігіп жіберетінмін. Өзімнің жалғыз машинам бар еді, соны да сатып тіктім. Одан көп ұтылғанда көтеріп қайтарып алам ба деп, ағама айтпай, үйін залогқа қойып жібердім. Оны үйдегілер біліп, ағамнан да, үйдегілерден де әбден таяқ жедім. Кейін өйтіп-бөйтіп жаптық, қарызды. Оқытты мені - молдаларға, тәуіптерге де апарды. Одан қоя алмадым, ойнай бердім. Содан армияға барып, өмірді көрдім, қиыншылықты көрдім, ақшасыз жүруді де көрдім. Содан кейін миымнан алып тастауға талпындым. Кейін армиядан келдім. Қазір мүлдем ойнамаймын демеймін, енді. Арасында букмекерлік центрлерге барып, футболға салып тұрам... Шығу оңай болмады. Әлі біраз уақыт кетеді деп ойлаймын. Қиын, былай қарағанда. Ойнамай-ақ қою керек еді...