Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Үкімет көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтіп, оның мерзімін ұлғайтуы мүмкін

AstanaTV
11.02.2019ж. 20:00
4255
Үкімет көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны көбейтіп, оның мерзімін ұлғайтуы мүмкін

Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жәрдемақысын көбейтуге бюджеттің шамасы жетеді. Бұл туралы брифингте Қаржы министрі мәлімдеді. Көп балалы аналардың әр балаға 18 жасқа дейін 20 мың теңге төленсін деген талабы орындалуы мүмкін. Әлеуметтік көмекті қайта қарау үшін Үкіметте жұмыс тобы құрылған. Министр әлеуметтік жәрдемақы көлемін көбейту ғана емес, оның мерзімін ұзарту да қаралатынын айтты.  

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Қазір нақты санды айта алмаймын. Өйткені, қазір әлі талқыланып жатыр. Сондықтан қандай да бір нақты санды айтқаным дұрыс болмайды. Ертең басқа болып кетуі мүмкін.

Былтыр 4 және одан көп баласы бар 300 мыңдай отбасы 33 млрд теңгенің мемлекеттік жәрдемақысын алған көрінеді. Үкіметте көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі де қаралады. Оларға жалдамалы пәтерлер беру көзделіп отыр. Жыл сайын жалға берілетін үй құрылысына 35 млрд теңге бөлінеді. Үкімет биылдан бастап бұл қаражатты көбейтіп, құрылысқа қарқын бермек. Ол үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылып, бюджетке өзгеріс енгізіледі. Биыл әлеуметтік салаға 4 трлн теңге бөлінген. Министр республикалық бюджетті әлеуметтік деп отыр. Өйткені, шығындардың 45 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Ал, 2021 жылға дейін ол 49,1 пайызға артпақ.  

Г. Меңдеева