Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жасөсіпірімдер арасындағы суицид 6,6 пайызға артты

AstanaTV
15.02.2019ж. 20:00
3228
Жасөсіпірімдер арасындағы суицид 6,6 пайызға артты

Былтыр оқушылар арасындағы суицид 6,6 пайызға артты. Білім және ғылым министрлігінің алқа отырысында министрдің балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер осылай деді. Өз-өзіне қол жұмсағандардың көбі жағдайы жоқ отбасынан шыққан. Бүгінде 15 мың бала жағдайы нашар жанұяда, ал 214 мыңы аз қамтылған отбасында тұратын көрінеді.  

Раиса ШЕР, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:  

Қызылордада жағдай өршіп тұр. Бүгінде «Юнисеф» мамандары, психологтар, үкіметтік емес ұйым өкілдері сол жаққа кетті. Басты себеп - отбасындағы жағдайдың нашарлығы. Олар бала жанұяда қамқорлықта болған-болмағанын анықтайды. Бәлкім, алдын алу үшін каникул кезеңде балаларды сауықтыру лагерьлеріне жіберетін болармыз.

«Юнисеф» мамадары балалардың 62 пайызы зорлық-зомбылық пен кемсіту көретінін анықтаған. Министрлік мамандары да агрессия, қатыгездік, әлімжеттік тыйылмай отырғанын мойындайды. Қылмыс 2 мыңнан асқан. Министрлік ол үшін идеологиялық- стратегиялық құжат әзірлеп жатыр. Психологтар қайта оқытылып, 2 жылда мектептерге түгел видеокамера орнатылмақ. Мектепке мүлде бармайтын инспекторларды Ішкі істер министрлігі бақылайды. Ал, бұзақы балаларға түрмедегі өмір көрсетілмек. Қос министрлік бірігіп, мектепке апаруға болмайтын заттар тізімін бекіткен. Енді мектептен шыққан дау-дамай мен қылмыс үшін мектеп басшылығы да басымен жауап бермек.    

Ерлан САҒАДИЕВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ: 

Министрлік мектеп директоры мен орынбасарына ешқандай шара қолданбай келді. Ол жергілікті атқарушы органның жұмысы еді. Бірақ, біз биылдан бастап төбелес, балаларды мазақ ету деректері жиі болатын мектептің директорларын жұмыстан қуу туралы ұсынысты жариялы түрде айта бастаймыз.

Қиын балалармен жұмыс істеуге ерікті студенттер тартылатын болады. Оларға сағатына 1000 теңге төленеді. Ерікті ретінде тіркелген студенттер әлеуметтік пайдасы бар 5 қызметті таңдай алады. Ол - инклюзивті білім беру, репетиторлық, девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс істеу, аула ішілік және спорт клубтарын ұйымдастыру мен қарттарға көмектесу. Ал, төлем екі бағытта, оқу үлгеріміне байланысты болмақ.  

Асқар ИМБРАИМОВ, «ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Студенттерге ваучердің екі түрі ұсынылады. Біріншісі, 20 сағат волонтерлік қызмет. Келісілген пәндер бойынша 2 академиялық кредитті өтей отырып, 20 мың теңге бөлінеді. Екіншісі 50 мың теңге көлемінде волонтерлік қызмет көрсетіледі және келісілген пәндер бойынша 5 академиялық кредитті өтейді. Жобаға жыл сайын 50 мың студент тартылмақ.

Г. Меңдеева