Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Былтыр 150 сарбаз денсаулығына байланысты қызметтен босатылды

AstanaTV
11.03.2019ж. 20:00
4362
Былтыр 150 сарбаз денсаулығына байланысты қызметтен босатылды

Сарбаздар денсаулығы алаңдатады! Былтыр Ұлттық гвардияның түгел бір батальоны, яғни, 150 сарбаз денсаулығына байланысты қызметтен босатылған. Бұл туралы Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов мәлімдеді. Медициналық комиссия тіпті 5 жауынгерден туберкулездің ашық түрін анықтаған. «Бұл жергілікті атқарушы органдардың жіберген олқылығы», дейді ол. Өйткені, әскерге шақыртылғандар жергілікті комиссия бақылауынан өтеді. Депутаттар болса бұл мәселені қатаң бақылауға алу керек дейді.  

Абай ТАСБОЛАТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Заңда әскерге шақырту мен сарбаздарды медициналық бақылау жергілікті билік өкілдеріне жүктелген деп анық жазылған. Басты проблема жас сарбаздар толық және түгел медициналық тексерістен өтпейді. Бұл жергілікті биліктің жіберіп отырған олқылығы.   

«Алдағы уақытта сарбаздарды жұқпалы ауруларға тексеру шараларын күшейту керек», - дейді Жақсылықов. Сондай-ақ, ол депутаттардан Астана маңында салынуы тиіс әуебаза құрылысын қаржыландыру мәселесін шешіп беруді өтінді.  

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ, ГЕНЕРАЛ –ЛЕЙТЕНАНТ:  

2018 жылы Алматыда орналасқан әскери әуе күштерінің бөлімшесін Астанаға ауыстырдық. Авиациялық база құрылысы жалғасып жатыр. Дегенмен, сіздердің қолдауларыңыз бен көмектеріңізді сұрағым келіп отыр. Әуе базасының құрылысы өткен жылы аяқталуы керек еді. Бірақ, қаржыландыру мәселесі әлі толық шешімін таппай отыр. Өткен жылы 2,7 млрд теңге құрылыс жұмыстарына бөлінуі керек еді, ал іс жүзінде бұл сомманың тек 700 млн-ы ғана бөлінді. 

Н. Біләл