Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматыда отызға жуық үміткер мемлекеттік грант ұтып алу үшін кәсіпкерлік курстарын оқып бастады

AstanaTV
13.03.2019ж. 20:00
4316
Алматыда отызға жуық үміткер мемлекеттік грант ұтып алу үшін кәсіпкерлік курстарын оқып бастады

Алматыда жастар мемлекеттік грант ұтып алу үшін кәсіпкерлік курсын оқуға кірісті. «Жас кәсіпкер» жобасы тәжірбие жүзінде Алматыда бастау алды. Оған «Атамекен» мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты. Оқуын сәтті қорғап шыққандар жарты миллион теңгеден алады. Бұл жұмыссыз жастарды ынталандыру үшін қолға алынған. Жоба бюджеті 87 млрд теңге. Олжас Нұржақып тарқатады.  

28 жастағы Бауыржанның 3 жылдан бері тұрақты жұмысы жоқ. Кәсіпке араласу арманын іске асыру жолында келеді. Мақсаты - студенттер жатақханасына қолжетімді кір жуғыш машиналарын орнату. Енді осы жоба «Бизнес идеяма баспалдақ болар» деген үмітте. Қазір ол кәсіпкерлер палатасы қолға алған оқу курсында жүр. 

Бауыржан ЖӘЛЕЛ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Көп жатақханаларда стиральный машина деген жетпей жатады немесе бұзылып қалады. Оны университет жөндеуге қаржы бөлмейді немесе құлықтары жоқ деген сияқты. Ал қазіргі таңда сол жатақханаларға кір жуатын аппаратты машиналар орналастырып, студенттерге минималды тариф 200 теңге кір жууға, осындай самаобслуживающий, өзін-өзі қамтамасыз ететін аппараттар орналастыру. Бизнес идеямның негізгісі осы.

Бауыржан сияқты несібесін кәсіптен іздейтіндер бір ғана Алматыда 30-ға жуық. Олар екі аптада қаржылық сауаттылықты меңгеріп, кәсіп ашудың қыр-сырына қанықпақ. Ал курс соңында әрбірінің жұмысын комиссия тексермекші.  

Гүлмира БАҒЖАЕВА, «ЖАС КӘСІПКЕР» ЖОБАСЫНЫҢ ОҚЫТУШЫСЫ: 

Қазіргі жастардың талабы басқаша. Олар мақсатын біледі. Жолдарын біледі самый главный. Не керегін біледі. Олар қазір түсінеді ешкім дайын жұмыс бермейтіндігін. Болашақта өзін-өзі асырау керек. Өзіне тіршілік жасау керек. Сол үшін талпынады.

18 бен 28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар осы жобаға тартылып отыр. Ең үздік деген жобаға 505 мың теңге грант берілмек.  

Нариман МҰҚЫШЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Ең бастысы бөлінетін қайтарымсыз қаржының тек бизнес идеяларды іске асыруға жұмсалады. Яғни, әрбір үміткер өз кәсібіне қажетті техника ғана сатып ала алады. Пәтер аламын, несиемді жабамын деген ойы барлар бас қатырмай-ақ қойсын. Өйткені, әрбір бизнес жоба комиссия тексерісінен өтеді. Грант ұтып алған азаматтардан жыл аяғында қаржыны қалай жұмсағаны туралы есеп алынады.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Айта кетейік, кәсіпкерлік гранттары «Еңбек» бағдарламасы арқылы беріледі. Министрлік мәліметіне сүйенсек, биыл бағдарлама бюджеті 78-ден 87 миллиард теңгеге дейін көбейген. Демек, пилоттық жоба жемісті болса, еліміздің 160 ауданында жұмыссыз жастарды бизнеске араластыру үшін оқу курстарын өткізу жоспарға қойылып отыр. Ал биылдың өзіне 10 мың грант беру көзделген.

О. Нұржақып