Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда қазақ тіліне сұраныс артып келеді

AstanaTV
15.03.2019ж. 20:00
4579
Қызылжарда қазақ тіліне сұраныс артып келеді

Қызылжарда қазақ тіліне сұраныс артып келеді. Мемлекеттік тілді меңгеруге ниеттілер соңғы жылдары 1,5 есе көбейген. «Әсіресе, жастардың үлесі басым»,- дейді тілдерді оқыту орталығының өкілдері. Мекеме жуырда тілді жаңа әдіспен оқытуды қолға алған. Нәтиже жаман емес. Абзал Құрманкин тарқатады.  

Қазақ тілін үйренуге ден қойған Екатерина Данина бүгін курстың бел ортасына жетіп қалды. Өзіңе таңсық тілдің негізгі ережелерін жаттап алған бастауыш сынып мұғалімі қазір орфоэпия заңдарын зерттеумен әлек. Айтуынша, елде қазақша судай мамандардың болашағы жарқын болмақ. 

Екатерина ДАНИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ №1-ГИМНАЗИЯНЫҢ МҰҒАЛІМІ: 

Мен қазақ тіліне студент болған кезімнен бастап ынта білдіре бастадым. Сөйлем құрастыруды үйрендім. Бірақ, әзірге таза сөйлей алмаймын. Кішкене ұяламын. Егер, қылысуды қойсам, жетік меңгеріп аламын деп ойлаймын.

Орталықта қазақ тілін үйренетін 115 топ бар. «Әсіресе, жастардың талабы зор»,- дейді оқытушылар. Курс 20 сағаттан тұрады. Жуырда осы орталық тілді мәскеулік профессордың әдістемесімен оқыта бастаған. «Нәтижесі бірден білінді»,-дейді олар.  

Орал ЖАНАТОВ, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұның арасында өзге ұлт өкілдері көбірек. Кішкене шалағай сөйлейтін қазақтар да бар. Қазақша білгім келеді, ұят болды деп келгендер бар. Бүгінгі өтіп жатқан сабағымыз оныншы сабақ. Осы уақытқа дейін біраз дүниені үйреніп алды. Базалық етістіктің негізінде, мынау математикада кестелер бар ғой. Сол сияқты кестелермен оқытамыз. Тиімді жағы бірден көрініп тұр.  

Қазір теріскейде мемлекеттік тілге сұраныс артып келеді. Бүгінде өңір халқының 52 пайызы қазақ тілінде сөйлейді. Ана тілінде оқып жатқан қазақ балаларының саны да соңғы жылдары еселене түскен.  

Кемел ОСПАНОВ, СҚО ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Айта кету керек, мына білім саласында осы бес жыл бұрын салыстырғанда, егер қазақ балаларының 52 пайызы ана тілінде білім алса, бүгінгі күні 69,7 пайызы ана тілінде білім алып жатыр.

Тіл үйрету орталығы бір жылда 2,5 мың адамды оқытуға қауқарлы. Қыркүйек айынан бастап, мекеме латын әліпбиін де енгізуді жоспарлап отыр.  

А.Құрманкин