Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Жеңіл өнеркәсіптің өндіріс көлеміндегі үлесі 0,4%-ды құрайды - А. Әділова

AstanaTV
02.04.2019ж. 20:00
3301
Жеңіл өнеркәсіптің өндіріс көлеміндегі үлесі 0,4%-ды құрайды - А. Әділова

Ал, жеңіл өнеркәсіппен айналысатындар импорт көлемін 20%-ға қысқартып, қосымша құн салығынан босатуды сұрайды. Өйткені, шикізат өңдейтін кәсіпорындардың тең жартысы қаржылық қиындықтан жабылып қалған. Ал былтыр тіркелген 1600 кәсіпорынның биыл тек 992-сі ғана жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің ауыр жағдайына тілшіміз шолу жасап көрді. 

Әнипа Халбаева Шымкенттегі тігін фирмасын басқарады. 250 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын тендерге тәуелді. Мемлекеттік тапсырыс аяқталса, жұмысшының жартысы ақысыз қалады. Оған қосымша құн салығын қосыңыз. Кәсіпкер былтыр тапқан табысының 120 миллионын салыққа төлеген. Нарықты жаулаған импорттық тауармен бәсекеге де қауқарсыз.  

Әнипа ХАЛБАЕВА, ТІГІН ФИРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Мынау келіп жатқан маталары бәрі шетелден келеді. Бізде Қазақстанда ол маталар шықпайды. Егерде шығатын болса біз қандай жақсы рахаттанып жұмыс істер едік қой. Ол қазір бәрі шетелден келіп жатыр. Мынау даже түйме. Жіп те Қазақстанда шықпайды. 03.44 ешнәрсе жоқ бізде. Бүкіл жеңілөнеркәсіп бізде совсем тоқтап қалған.

Сөзімізді Мәжіліс депутаты Владислав Косарев те жоққа шығармады. Бюджеттен бөлінген ақша жеңіл өнеркәсіпті дамытып жатқан жоқ, дейді. Елде шикізаттың құнсызданып бара жатқанын алға тартты. Алып кәсіпорын ашпасақ та, үйде істейтін өнеркәсіпті қолға алуды ұсынды.  

Владислав КОСАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

1 кг қойдың жүні 150 теңге, макулатура 3 теңгеге бағаланады. Бұдан кейін кім шикізат өткізсін?! Баға тым құнсыз. Одан кейін халық қолданатын тауарлар фабрикасы мен цехтарды ашу қажет. Іс тігетін адамдарға қажетті құрал мен шикізатты апарып, тапсырыс беру керек. Оны 1,5-2 жылда қалаларда ашып, тоқуды, жүнді және былғары өңдеуді қолға алуға болады.  

Қазір жеңіл өнеркәсіптің өндіріс көлеміндегі үлесі 1%-ға да жетпейді. Былтыр керек тауар 1380 млн долларға импортталса, өзімізден небары 203 млн доллардың тауары экспортталған. Импорт 95%-ды құрап отыр. Тонналап тасымалданатын өнімнің көбі салығы төленбей, заңсыз әкелінгендер.  

Азамат ЖУАСБАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ САРАПШЫСЫ: 

Кедендік тексерісті күшейту қажет. Сонда сапасы есепке алынбай, тек жүгінің көлемі мен салмағы үшін ақша төлейтін саудагерлер азаяды. Отандық өнімге сұраныс артады. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге беріліп жатқан несиені 8%-бен емес, 2 есе азайтып, 4%-бен беруді ұсынамыз. Олар қаржылық қиындыққа сол үшін тап болады.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы 3 жылда шикізат өңдейтін 11 кәсіпорын ашпақ. Оған 78 млрд теңге бөлінеді. Сөйтіп 2000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып, саланың тамырына қан жүгіртеміз, деп сендірді. Бірақ, бұрын ашылған мақта мен тері өңдейтін кәсіпорынның тең жартысы жабылып қалған.  

Айжан ӘДІЛОВА, ИИДМ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ: 

Тек қана мақтаны өңдейтін 4 кәсіпорын бар. Өкінішке орай 2-еуі жұмыс істемей жатыр. Қаржылық қиындықтарға байланысты. 13 кәсіпорын тері өңдейді. Оның да 7-еуі жұмыс істемей тұр қазір. Тағы да сол қаржылық қиындықтар бойынша.

Кәсіпкерге өнімді өзімізде сатқаннан, шетелге экспорттаған тиімді. Қосымша құн салығы жоқ, жұмысшыға жалақы бермейді. Әрі табыс та көбірек түседі. Ал кәсіпорынға сол шикізатты импорттап алған қымбат. Сұраныс аз. Шетінен жабылып қалып жатқаны да содан. Бірақ, бұл проблеманы шешуге жауаптылар әлі құлықсыз секілді.  

А. Бектас