Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тек мұнайға сеніп өмір сүруге болмайды - Қ.Тоқаев

AstanaTV
12.04.2019ж. 20:00
3493
Тек мұнайға сеніп өмір сүруге болмайды - Қ.Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін көшеге қаптатып іліп тастаған ақтаулық шенеуніктер сөз естіді. Өңірге жұмыс сапарымен барып, халықпен жүздескен Мемлекет басшысы басқа әкімдерге де ескерту жасай кетті. Тоқаев Маңғыстау жұртшылығана негізі «месседждарын» жеткізді. Ол соңғы кезде жиі айтып жүрген ысырапшылықты тию, бюджет қаражатын үнемдеу дегендерге саяды. Ақерке Бектас тарқатады. 

Ел бюджеті түпсіз қоржын емес. Қасым-Жомарт Тоқаев қазынаны таусылмайды деп қарайтын әкім-министрлерге тиімсіз шығынды азайтуды ескертті. Ысырапшылдыққа жол бермеуді баса айтты.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Мерекелік шараларды әбден жақсы көретін болдық. Қымбат автокөліктерді молынан сатып алатын болдық. Қызмет кабинеттерінде керемет жөндеу жұмыстарын жүргізетін болдық. Тағы басқа, айтсақ, көп. Осындай келеңсіздікке тосқауыл қоямын. Көрпемізге қарай көсілу керек.

Ақтау сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев шектен тыс көрсетілген құрметке де қынжылды. Бір ғана Ақтауда өзінің суреті бейнеленген он шақты билбордтың ілінгені Президенттің ренішін туғызса керек.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Ақтауда менің суретім бейнеленген 14 билборд ілініп тұрғанын естідім. Менің ойымша, бұл - мүлде орынсыз, мен мұндай үгіт-насихатқа мұқтаж емеспін. Мұндай әкімшілік ыждаһаттылық неменеге керек ? Билбордтарды Елбасы бас болып, қол жеткізген шынайы жетістіктерімізге арнаған жөн. Мен барлық деңгейдегі әкімдерге осыны тапсырамын.

Президент жемқорлықты батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерт, деді. Кеселге қарсы мықты дәрі қажеттігін де айтты. Мұнайға сеніп кеткен халықты өндірістің басқа саласына бет бұруға шақырды.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Тек мұнай саласына сеніп, өмір сүруге болмайды. Қазіргі заманда бұл тиімсіз. Инвестиция - экономикалық өсім мен өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Еркін экономикалық аймақ - «Ақтау теңіз порты» инвестиция тарту әлеуетіне ие. Әрі Маңғыстау облысында туризмді дамыту ісінің келешегі зор.

Маңғыстаудағы сапарында қалалық емхана жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Жастармен де жүздесті. Биылғы жылды көзбояушылыққа айналдырмай, пайдасы бар іске арнауды тапсырды. Ал бөлінген бюджет қаражатын Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей бақыламақ.  

А. Бектас