Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Өртке оранған Нотр-Дам де Пари шіркеуі қайта қалпына келтірілмек

AstanaTV
16.04.2019ж. 20:00
4203
Өртке оранған Нотр-Дам де Пари шіркеуі қайта қалпына келтірілмек

Қасым-Жомарт Тоқаев француздардың және әлем мәдениетінің ерекше ескерткішінің өртке оранғанына орай франуцздарға көңіл білдірді. Бұл туралы Президент твиттердегі парақшасында жазды. Әйгілі Нотр-Дам де Пари шіркеуіндегі алапат өрттен тарихи ғимараттың төбесі мен мұнарасы жанып кеткен. Соған қарамастан құтқарушылар нысанның негізгі бөлігін аман алып қалды. Қызыл жалын жалмаған орынға Франция Президенті Эммануэль Макрон да барды. Ол сол сәтте сары жейделілерге қатысты үндеу жарияламақ болған. Бірақ бәрін кейінге шегеріп, шіркеуді қайта қалыпқа келтіретінін мәлімдеді. Енді 800 жылдық тарихы бар мәдени ескерткішке қаражат жинау басталды. Жергілікті басылымдар қазірдің өзінде Пино кәсіпкерлер отбасынан 100 млн еуро түскенін хабарлайды.  

Эммануэль МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Біз шіркеуді қайтадан қалпына бірге келтіреміз. Бұл сөзсіз, Франция тағдырының бір бөлігі және алдағы жылдарға арналған жоба болмақ. Ұлттық қаражат жинау басталады. Біз нағыз таланттарды тауып, Нотр-Дамды қалпына келтіреміз. Өйткені мұны француз халқы күтеді, бұл - тарихымызға лайық және біздің терең тағдырымыз.

Шіркеу туристер үшін 18:00-де жабылатындықтан, адамдар дін аман. Алайда қызыл жалынмен күрескен құтқарушылардың бірі зардап шегіпті. Нотр-Дам де Париді француздар тарих беттеріндегі айтулы оқиғаларымен байланыстырады. Сондықтан бұл жағдай олар үшін орны толмас өкінішке айналды. Жергілікті халық көздеріне жас алып, ән айтып, дұға етті. Әзірге тілсіз жаудың нақты себебі белгісіз. Алдын-ала деректерге сай, өрт қалпына келтіру жұмыстары кезінде тұтануы мүмкін. Қалалық прокуратура тергеуді бастады. 

А. Бектас