Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылы жаңбыр суынан жапа шегіп отыр

AstanaTV
24.04.2019ж. 20:00
3288
Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылы жаңбыр суынан жапа шегіп отыр

Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылын жаңбыр суы қатты қинап отыр. Не істерін білмей дағдарған тұрғындардың үйлері сыз тартқан. Бюджеттен миллиондаған қаржы бөлініп жасалған арық жүйесі де суға қауқарсыз болып шықты. Келесі материалда.  

Ақжарқын Бисенованың үйіндегі еденнің асты суға толы. Сызғышпен өлшеген судың тереңдігі 19 сантиметрге жуық. Үй иесі жаңбыр жауғасын, су көбейетінін айтады. Шенеуніктердің жоспары бойынша бұл су қазылған арықпен ағып кетуі керек еді. Бірақ су керісінше үйге құйылып, аула судан босаған емес. Ал үйдің іші сыз тартып, қабырғалар көгерген. 

Акжаркын БАСЕНОВА, АТАМЕКЕН АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Трубаның тесіктерінен біздің үйдің астына су кетіп жатыр. Жаңбыр жауған күн туралы мен айтқым да келмейді. Жаңбыр жауса біз түнімен ұқтамаймыз. Ар жақттағы трубаларды жабуға тырысады күйем көршілермен. Ал бергі жақтағы көршіге жалынып жүреміз. Аш, біздің су өтсін деп. Егер су дұрыс жүрмесе, біздің үйді су алу қаупі бар.

Бұл жағдай қырық мыңға тарта ауыл тұрғыны үшін таңсық емес. Жаңбырдан бөлек, жерасты сулары да әбден әуреге салған. Кейбір тұрғындар түн ішінде астынан су шыққанын әлі күнге шошына айтады. Ауыл әкімдігі осыдан үш жыл бұрын дайындаған арық жүйесі қазір жұмыс істемейді. Бірақ жобалау-сметалық құжаттарына 40 миллион теңге шығындапты. 

Нұрлан УӘЗІРОВ, АТАМЕКЕН АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Дренаж жүйесі бойынша сметалық құжаттардың бәрі толық дайын. Мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынып тұр. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментіне осы құжаттар ұсынылды. Қазір қаражат көзі күтілуде. Қаражат көзі бөлінгесін құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Бірақ бұл іске кемінде бір жарым миллиард теңге керек екен. Ал төтеншеліктер суға қатысымыз жоқ дейді. 

Манарбек МҰХАНБЕТОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Республикадан ақша бөлінген жағдайда ол обласной акиматкқа бөлінеді. Сосын обласной акимат өз кезегінде жергілікті басқарма не әкімдікке бөледі. Олар сол бөлінген ақшаны игереді.

Дренаж жүйесіне қазір Атамекен ғана емес, Жаңаөзен қаласы да зәру. Бұл жобаны іске асыруға кемінде 2 миллиард теңге керек. Әзірге қаржы министрлігі қайдан ақша табарын білмей жатқанда, тұрғындар су басқан аумаққа құм төсеуге мәжбүр. Басқа амалы жоқ. 

Е. Карин