Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылордада көліктің қосалқы бөлшектерінің сапасын тексеретін зертхана жоқ

AstanaTV
25.04.2019ж. 20:00
3984
Қызылордада көліктің қосалқы бөлшектерінің сапасын тексеретін зертхана жоқ

Қызылордада көліктің қосалқы бөлшектерінің сапасын тексеру мүмкін емес. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілдері бөлшектердің сапасын тексеретін зертхана жоқ екендігін айтады. Сондықтан бұл бұйымдардың ешбіріне сертификат берілмейді. Ал жүргізушілер көлігінің жиі сынатынын айтып шағымданады.  

Көп жүрген көлік көп сынады. Тиыннан теңге құрастырған қызылордалық такси жүргізушілері мұны жақсы біледі. Ақшасын үнемдеген тұрғындар қосалқы бөлшекті базардан сатып алады. Бірақ арзанның тұзы татымайды. Жаңа бөлшектің өзі ұзаққа шыдамайды. 

Бақыт КӘЛЕНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қазір сапалы запчастілер жоқ. Оригиналыда жоқ, айтып жатқан. Бірі-китайский дейді, бірі-китайский заводской дейді. Бағалары бөлек болғанымен, сапасы бір ғой. Мысалы, оригинал 3 мың тұрса, анаусы мың теңге тұрады. Бірақ сырты коробкалары бөлек, бөлек болады, іші бір ғой, қарап отсан. Ешқандай запчастька гарантия бермейді. Кейді бір айға жетпейді ғой.

Бірақ облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы құрылғалы 14 жыл өтсе де, қосалқы бөлшектердің сапасына шағымданғандардан арыз түспепті. Тауарының өтімділігі жоғары болғасын, базар саудагерлері сертификатқа мән бермейді. Айналып келгенде сапасыз бөлшектен зиян шегетін тұтынушылар. 

Серік ТЕҢІЗБАЕВ, ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Қызылордада автокөлік бөлшектерінің сапасын тексеруге аккредитациясы зертхана жоқ. Мұндай мекеме Алматыда бар. Егер адамдар сапасыз тауар алса, бірден осы ұйымға шағына алады. Тіпті, сотқа шағымданса да, көп көмегі болмақ.

Ал көлік жөндеушілердің сөзінше, қаланың жолдары тегіс, сондықтан көліктің жиі бұзылуына жолдың қатысы жоқ. Себеп басқада. 

Дмитрий КУРНОСКИН, ДӘНЕКЕРЛЕУШІ: 

Жолдың сапасы керемет. Ал адамдар арзан бөлшекті сатып алуға тырысады. Оригинал бөлшектер кемінде 5-10 жыл жүре алады. Ал сапасыз көшірмелері әрі кетсе жарты жылға жетеді. Осының кесірінен көлігін жөндетушілер көп.

Әкімшілік полиция басқармасының дерегінше, Қызылордада 60 мыңдай жеңіл көлік бар. Олардың жартысынан астамы жөндеуге мұқтаж. Тұтынушылар құқын қорғаушылар тауарды қай жерден сатып алсаңыз да, оның сапасына сатушы жауапты екендігін ескертеді. Алайда біз жолыққан сауда нүктелерінің бәрі де сапа сертификатын көрсетуден бас тартты. 

Е. Карин