Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Н. Назарбаев алғаш рет сайлаушы ретінде дауыс берді

AstanaTV
09.06.2019ж. 14:00
3365
Н. Назарбаев алғаш рет сайлаушы ретінде дауыс берді

Ал Тұңғыш Президент оқушылар сарайындағы №58 сайлау учаскесінде алғаш рет сайлаушы ретінде дауыс берді. Елбасы осы учаскеде бұған дейін де дауыс беріп келген екен. Ал сайлаушылар жаңа президент еліміздегі оңды өзгерістерге жетелейді деп нық сенімін білдірді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек. Өйткені Назарбаевтың өзі бұл сайлауға Тәуелсіз Қазақстан тариxында алғаш рет үміткер ретінде емес, қатардағы сайлаушы ретінде келеді. Сонымен қатар, Дариға Назарбаева да дәл осы сайлау учаскесінде дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

Дариға Назарбаева көп кідірмеді. Санаулы секундта өз таңдауын жасап, дауыс бергеннен кейін халықаралық байқаушылармен аз-кем тілдесті. Ал Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы сайлау учаскесіне үміткер ретінде емес, қарапайым сайлаушы ретінде келді. Ел болашағына Қазақстан халқымен бірге алаңдаулы болғасын ба, бюллетеньді жәшікке саларда қобалжығандай көрінді. 

Елбасы сайлаудың халық үшін тарихи маңызды оқиға екендігін айтты. Әдеттегідей елдің амандығын тілеп, жылы лебізін білдірген Назарбаев бұл жолғы сайлаудың мәнісі ерекше екеніне тоқталды. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Биылғы сайлаудың мәнісі өз алдына басқа. Өздеріңіз білесіздер, мен өз өкілеттілігімді тоқтатып, келесі буынға жол бердім. Ол шешімді бүкіл дүние жүзі қолдап жатыр. Сондықтан бүгінгі сайлау сәтті өтсін! Құтты болсын елімізге, жақсылығы дарысын деп тілек айтамын!

Сайлау учаскесіне келушілер түрлі сала өкілдері. Алғаш рет дауыс бергені үшін сыйлық алып, қуанған жастар да, әскерилер, тіпті министрлер де бар. Барлығы да елде оңды өзгеріс болғанын қолдайтынын жеткізді.  

Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: 

Мемлекет болғаннан кейін өзгерістер болып тұруы керек. Бұл да біздің елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі. Бүгін бірінші рет ол кісі қатыспай, 7 кісі қатысып отыр. Осы 28 жылда Нұрсұлтан Әбішұлы біздің мемлекетіміздің негізін қалады. Ертеңгі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының жасаған еңбектерін әрмен қарай жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

№58 сайлау учаскесінде үш жарым мыңнан астам сайлаушы тіркеліпті. Сайлау комиссиясының өкілдері әзірге халықаралық байқаушылар тарапынан ескерту болмағанын айтады. Сайлау басталғалы бері 500-ге тарта адам дауыс берген.